Бағаға бұғау бола ма?
Жалақы көбеймесе де азық-түлік бағасы қымбаттады дегенді жиі естиміз. Күнделікті тұтынатын өнім бағасы еселеп өспесе де бес-он тиынға көтерілгеннің өзі қалтаға әжептәуір салмақ түсіреді. Теңге тиыннан құралады емес пе?
Бүгінде әр жылдың басында азық-түлік бағасының қымбаттауына етіміз үйренген. Жыл сайын қайталанатын дағды көпшілік үшін қалыпты жағдайға айналғандай. Содан болар жұртшылық аса бір наразылық білдірмей, «жылда сондай ғой» дегеннен аспайтын болған. Бірақ жыл ішінде бағаның бірнеше рет тұрақсыздық танытуы көңіл көншітерлік іс емес.
Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік
Ет, сүт, ұн, күріш секілді өнімдер халықтың күнделікті тұтынатын асына жатады. Бұл қатарға картоп, жуа, сәбіз, қияр, қызанақ көкөнісін қосыңыз. Сондықтан бұлар әлеуметтік маңызы бар азық-түлік қатарына енген. Өңірде бұл қатарда негізінен 19 өнім түрі бар.
Жайқалған ақ күріші
Қазір базардағы күріш бағасы 200-300 теңге аралығында. Әрине, өнімнің сортына, сапасына мән беріледі. Соған сәйкес бағасы белгіленеді. Былтыр өзімізде өндірілетін ақмаржанның бағасы күрт өсті. Ақ күріштің ортасында отырған Сыр жұртшылығы үшін бағаның бұлай шарықтауы алаңдарлық жағдай болды. Оған қоса диқандар жыл сайын рекордтық көрсеткішке қол жеткізеді. Сөйте тұра «Сырдың ақмаржаны қат болғаны ма?» деген сұрақ көкейді тескен. Мамандар мұны күріш импортының артуымен түсіндірді. Сондай-ақ соңғы бірнеше жылда бағасы тұрақты болған күріштің бұлай қымбаттағанында тұрған ештеңе жоқ деген де уәж айтқан еді.
Биыл күріштің бағасы өскен жоқ. Жоғарыда көрсетілген баға өткен жылдан бері сол қалпында тұр. Сұранысы жоғары азық болғасын күріш сатушылар да бағасы үшін алаңдамайтын сыңайлы.
– Күріш былтырдан бері қымбаттаған жоқ. Өткен жылы да 1 қап күрішті 5000-6000 теңге аралығында саттық. Биыл да сол баға. Күнделікті ішетін асың болғасын амал жоқ. Себебін сұрағанымен, бәрібір алады. Өнімді Қармақшы, Жалағаш, Тереңөзек ауданынан әкелеміз. Сол аумақтың күрішіне халық сұранысы жоғары. Шиелі, Жаңақорғанның күріші майда деп көп ала бермейді, – дейді «Сұлтан» базарының сатушысы Гүлмира Байулиева.
Айтпақшы, ұн бағасы да күріштікімен пара-пар. Жоғары сұрыптағы өнім «Мирас», «Асқар» сынды көтерме сауда орнында 5000 теңге, ал 1 сорты 4000-4400-дің аралығын құрайды. Есесіне бұл баға «Смолл» мен «Магнумда» шарықтап тұр. Мәселен, «Смолл» супермаркетінде жоғары сортты ұнды жеңілдікпен 5995 теңгеге алуға болады. Соңғы екі сауда орны базарға баруға ерінген, әрі сол маңайға жақын тұратын тұрғындар үшін қолайлы. Тұрмысқа қажеттінің бәрі табылатын бұл әмбебап дүкендердің тиімділігі осы. Десе де бұл жерден қаптап ұн немесе күріш арқалаған жұртшылықты кездестіре қоймайсыз.
Патшаның асына айнала ма?
Ала жаздай қызанақтың құнын түсіре алмадық. Жылда тиын тұратын көкөністің бұл жылы арзандағандағы бағасы 100 теңгемен тоқтады. Қазіргі таңда қызанақтың базардағы бағасы 150 теңгеден басталады. Жаз кезіндегідей үш мезгіл асқа қияр мен қызанақтан салат жасайтын уақыт емес. Содан болар қызанақ сатушылар маңынан өткеннің бәрін өзіне шақырып әлек. Алайда аз мөлшерде болса да саудаласып жатқан адамдар табылады.
Қазір картоптың құны артып тұр. Себебі де белгілі. Көпшіліктің бұл дақылды қысқа сақтау үшін қаптап алатын шағы. Бүгінде картоптың ең арзаны 135-тен басталып, 180 теңгеге дейін жетеді. Ал супермаркеттерде көтерме баға - 135, бөлшек баға - 159 теңге. Өнімді еліміздің басқа аймағынан әкелген. Көбіне Павлодар облысының картобы. Саудагерлердің айтуынша, биылғы су тапшылығы көкөніс шаруашылығына біршама кедергі болған. Сондықтан өнімді өзге өңірден алдыруға мәжбүр. Биыл егістікті әртараптандыруға басымдық берілгені белгілі. Бұл ретте күріштің гектарын азайтып, бақша, көкөніс дақылдарын егуді қолға алған болатын. Жұртшылық осы кезде қыста сақтауға келетін картоп таппай қиналуда. Бара-бара бұл өнім ХVІ ғасырдағыдай патшаның асына айнала ма?
Сәбіз бен жуаның да жайы осындай. Сәбіздің бағасы картоп бағасын өкшелеп келеді. Ал жуаның құны өзге екеуіне қарағанда біршама арзан.
Суға піскен пайдалы
Жалпы ғалымдар да, дәрігерлер де кез келген тағамды суға немесе буға пісірген жақсы дейді. Мұндай күйде піскен астың құнары сақталады, денсаулыққа да пайдалы. Ал біз одан гөрі қуырылған тағамға әуеспіз. Бірақ бұлай бола берсе, түбінде соған көшеміз-ау. Күнбағыс майының шарықтау шегі қаншаға тұрақтайтыны белгісіз. Әлсін-әлсін, үсті-үстіне тиындап қосып, құнын көкке ұшырды. «Асқар» көтерме сауда дүкенінде «Шедевр» 2700, «Маслозавод» 2850 теңгеден тұр. Басқа сауда орындарында 2850-2900 теңгенің шамасында. «Магнумдағы» күнбағыс майлары 3094 теңге, «Смоллда» «Шедевр» 2965 теңге болса, «Майские» дегені 2839 теңгені құрайды.
Құны қымбаттаған азық-түлік қатарында жұмыртқа да бар. Күнделікті ас-ауқатқа таптырмас әрі жеңіл, әрі тойымды тағам саналатын жұмыртқаның бағасы С1, С2 сынды көрсеткішіне қарай 34-37 теңге аралығында. Бұған дейін де бірнеше рет қымбаттаған құс өнімінің бағасы алдағы уақытта 50 теңгеге дейін өседі деген сыбыс бар. Бұған құс тұмауы сынды түрлі аурудың таралуы ықпал етіп отырған көрінеді.
Аталған азық-түліктен де қымбат қант пен қарақұмық бар. Екеуі де 280-300 теңге шамалас. Қабымен есептегенде 25 келісі 7000-8000 теңгеге барады. Ал еттің бағасы өз алдына бөлек әңгіме. Дегенмен азық-түлік бағасы әлеуметтік дүкендерде салыстырмалы түрде тұрақты деп айтуға болады.
Маман не дейді?
Базардағы баға жайын облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының маманы Ерхан Ағыбаевтан сұраған едік. Оның айтуынша, өңірдегі әлеуметтік маңызы бар 19 өнімнің 13-нің бағасы өссе, 4 өнімнің бағасы төмендеген. Қалған 2 өнім бойынша тұрақтылық байқалады.
– Бүгінгі күні өңірде күнбағыс майы мен жұмыртқа өндіруші кәсіпорындар тарапынан бағаның өсуі орын алып отыр. Өндірушілер бағаның қымбаттауын шикізат тапшылығымен байланыстырады. Аймақта картоп, қант қызылшасы, күнбағыс майы өндірісі жоқ. Сондықтан өзге аймақтан әкелінеді. Ал шикізат Ресей, Латын Америкасы сынды шет елден жеткізіледі. Оның үстіне доллар курсының өсуі, теңге мен рубльдің құлдырауы да өзіндік әсерін тигізуде. Картоп дақылы негізінен Өскемен, Қостанай, Павлодар өңірінен тасымалданса, қант Тараз, Мерке, Алматы облыстарынан келеді. Еліміз бойынша май өндірісімен тек Өскемен қаласындағы «Май» АҚ өндірістік компаниясы айналысады. Жұмыртқаға жазда сұраныс азаяды. Соған сәйкес екі ай көлемінде арзан болады. Ал қысқа таман сұраныс артып, қайта қымбаттайтын. Биыл бұл үрдіс ерте басталды. Сондай-ақ қарақұмық дақылы да қымбат өнімдер қатарында. Оған егіннің бітік шықпауы ықпал етіп отыр. Осы орайда еліміз еркін экономикаға бет алғандығын айтқым келеді. Сол себепті кәсіпкерлерге мына өнімнің бағасын түсір немесе тұрақтандыр деген сынды талап қоя алмаймыз. Кәсіпкерлер өздері шешеді, – дейді маман.
Р.S. Аймақта жоғарыда аталған әлеуметтік маңызы бар 19 өнімнің тек 5-уін ғана толықтай қамтуға мүмкіндік бар екен. Оған күріш, тұз, қызанақ, қияр, нан өнімі жатады. Картоп дақылы мен жылқы етін 70 процент қамти алады. Ал сәбіз, пияз, қырыққабат, бұрыш, қызылша, сиыр еті, қой еті, балық өнімінің шамасы 20 процент қана. Басқа жұмыртқа, қарақұмық, құс еті, макарон, сүт, айран, сүзбе, күнбағыс майы, шұжық, жеміс-жидекті сырттан тасымалдауға тура келеді.
Міне, осындай импортқа тәуелді және қамтамасыз ету көрсеткіші төмен өнімдерді өңірде өндіру ісі алдағы уақытта қолға алынбақ. Жоспар бойынша 2020-2023 жылдар аралығында ауыл шаруашылығы саласында 63 жоба жүзеге асады. Мақсат орындалса бағасы қымбат, өзі қат болған азық-түлікті аймақта өндіруге мүмкіндік болады.
Айдана СЕЙІЛ