Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ақмешіт апталығы

Газет 1994 жылдан бастап шығады

Әбігер әлем


«The New York Times»

Венадағы теракт

Жасыратыны жоқ, бірнеше апта бойы әлемдік басылымдардың бас мақаласы Джо Байден мен Дональд Трамп текетіресіне арналды. «The New York Times» газеті де дауыс санағын тоқтату, сайлаудағы әділетсіздік туралы пікір салдарынан өзге де маңызды мәселені көмескі қалдыруға мәжбүр еді. Әсіресе, саяси қуғын көрген Эдвард Сноуденнің Ресей азаматтығын алуға ниет білдіруі, Сенегал жағажайында қаза болған жүздеген мигранттардың тағдыры туралы жарияланған мақала көздеген межені орындай алмады десек, артық емес. Алайда Катрин Беннхольд пен Мелисса Эддидің Венадағы терактке байланысты біріккен ізденісі назар аударуға тұрарлық. «Қарулы топтың Венаға шабуылы» атты мақалада орын алған қайғылы оқиғаның мән-жайын тарқата суреттеген:
«Дүйсенбі күні Венадағы орталық синагог пен мемлекеттік опера театры аралығындағы «Бермуд үштағаны» кварталында жүргіншілерге оқ атылды. Австрия тарапы теракт деп таныған оқиға салдарынан екі адам қаза болып, 15-ке жуық азамат жараланған. Полициямен қақтығыс кезінде бір лаңкестің қаза болғаны анықталды. Шабуылды экстремистік ұйымдар әзірге мойындамай отыр. Елде үшкүндік қаралы күн жариялау туралы шешім қабылданды.
Әлеуметтік желіде қанды оқиға кезінде түсірілген бейнежазба тарап, халық арасында дүрбелең орын алды. Тараған бейнежазбада лаңкестің жүргіншілерге қарата оқ жаудырған сәті мен жаралыларға көмек көрсеткен азаматтар көрсетілген. Билік мұндай мазмұндағы бейне материалды әлеуметтік желіге жүктемей, тиісті органға тапсыруы қажеттігін ескертуде».
Сонымен қатар мақалада оқиға куәгері Джулия Шраммель есімді азаматшаның пікірі жарияланған. Онда күрделі сәтті халықтың қорқынышы мен мейрамхана егелерінің әрекеті айтылған:
«Біз кешкі ас ішуге Моттон-ам-Флусс мейрамханасына келгенбіз. Сәлден соң адамдардың қашып келе жатқанын көріп, абдырап қалдық. Артынша айқай мен мылтық даусы естілді. Дереу мейрамхананың жертөлесіне жасырынып жан сауғаладық. Көп өтпей көшеде кептеліс орнап, полиция дабылы естілсе, әуеде тікұшақ үні құлақ тұндырды».

«The Washington Post»

Азаматтық соғыс алдында

Басылымның кезекті санында Сауд Патшалығы ханзадасының АҚШ үкіміне қарсы шағымы, Кабулдегі қақтығыс секілді өзекті тақырыптар талқыға түскен. Соның ішінде Эрмиас Тасфайе Даба мен Лесли Вроутонның «Эфиопия провинцияға әскер кіргізді» атты сараптамалық мақаласы азаматтық соғыстың аражігін аша білген:
«Эфиопияның премьер-министрі Абий Ахмед сәрсенбі күні Тыграй солтүстік аймағына әскер жіберді. Басшының сөзінше, бұл әрекет – «әскери қарсылық» және мемлекеттік әскери базаға шабуыл жасаған топқа жауап әдісі. Тыграй ұлт-азаттық майданы (TPLF) Эфиопияның аймақтағы қару-жарақ пен әскери техникасын ұрлауға тырысқан. Премьер-министр басты мақсат «ел аумағында тыныштық орнату, Отанды қорғау» екенін алға тартып, үндеу жариялауда. Бұлай жалғаса берсе, Африка түбегіндегі бейберекетсіздік орын алуы ғажап емес».
Мақалада аталған мәселеге қатысты АҚШ пен Ұлыбританияның ұстанымы да сырт қалмаған. Қос мемлекет аймақтағы азаматтық соғысты дереу тоқтату қажеттігін айтып, қақтығыс салдары көрші елдерге әсер етпеуін қатаң бақылауға шақырған.
Авторлардың пікірінше, даудың басы өткен айда қабылданған бюджет бөлінісінен басталған. Онда Тыграй өңіріне тиесілі қаржы көлемін қысқарту туралы шешім қабылданып, тыграйлық шенеуніктер бұл қадамның соғыс жариялаумен пара-пар екенін ашына айтқан көрінеді.
«2018 жылы Эфиопия мен Эритрея арасында болған соғыстан кейін көптеген әскери ресурс Тыграй жерінде қалған. Халықаралық дағдарыс тобының сарапшысы Уильям Дэвисон да соғыстың ұзаққа созылуы қай тарапқа болмасын пайда әкелмейді деген ұстанымда. Расында, уақыт өткен сайын эфиопиялықтардың әл-ауқаты қиындай түсері белгілі. Бұған дейін елдегі ұлтаралық дауға байланысты қылмыс аз зардап әкелген жоқ. Тыграй халқы Эфиопия тұрғындарының 7 процентін ғана құрағанымен әскері мығым, қол¬басшылар құрылымы тәжірибелі. Сондықтан, жанжалдың соңын бағамдау қиынға соғады».
Айта кетейік, өткен жылы ғана Эритриямен шекаралық кикілжіңді шешуге атсалысқаны үшін премьер-министр Абий Ахмед Нобель сыйлығын алған болатын. Әлемдік сарапшылар басшының мұндай әрекетін саяси сауатсыздыққа балап, мәселені шиленістіре түседі деген ойда.

«BBC News»

Күзеннен келген қауіп

Апта басында «BBC News» арнасы Дания мемлекеті 15 млн күзенді жоюды жоспарлауда деген ақпарат таратты. Бұған күзендердің коронавирус індетіне шалдыққаны себеп болған. Дания үкіметі аталған аңды жою шарасы жүргізілмесе, халық зардап шегуі мүмкін екенін айтуда. Оған қоса аң денесіндегі вирус мутацияға түсіп, өзге қалыпқа ауысуы ықтимал. Бұл өз кезегінде жаңа вирустің өршуіне және сынақтағы вакцинаның күші жойылуына жол ашпақ. Арнайы хабарда премьер-министр Метте Фредериксен бұл жағдайдың адамзат өмірін қорғауға бағытталған амал екенін жеткізген:
«Дания – күзен терісін өндіретін әлемдегі ең ірі мемлекет қатарында. Халықтың денсаулығын сақтау мақсатында экономикалық пайда көзін доғарып, шешімтал қадам жасауға тура келіп отыр. Біз табиғат үшін жауаптымыз, алайда адамзат алдындағы жауапкершілік одан да жоғары».
Бүгінде елдегі 5 күзен фермасынан ауру ошағы табылып, жануарлармен байланыста болған 12 қызметкердің вирус жұқтырғаны анықталды. Кей аймақта карантин шарасы күшейтіліп, жұмадан бастап кафе мен қоғамдық көліктер және жабық аумақтағы кәсіпкерлік нысандар қызметі шектелетін болады.
Данияның негізгі экспорттық нарығы Қытай мен Гонконг екені мәлім. Өткен айда күзен бойынан табылған вирус жағдайды тым шиеленістірді. Бүкіләлемдік денсаулық сақтау ұйымының пікірінше, күзендерді тірі қалдыру үлкен зиян әкеледі. Себебі жануар ағзасы вирустың түрленуіне «ең қолайлы аймақ». Ұйым Данияның батыл да шешімтал әрекетін қолдайтынын жеткізді. Бұған дейін Испанияның Арагон аймағында вирус жұқтырған 100 мыңға жуық күзен жойылған.

«CNN»

«Ақ үйдің» ықпалы

Америкалықтар үшін жаңа басшының аймақтық басқарудағы алға қойған мақсаты маңызды болса, өзге елдерге сыртқы саясаттағы аяқ алысы назар аудартады. Әсіресе АҚШ-тың болашақ президентінің «Шығысқа» қатысты көзқарасы саяси аренада салмаққа ие болары белгілі. Сол себепті әлемдік ақпараттық агенттік пен басылымдардан сайлауға қатысты тұшымды сараптама мен үміткерлердің ұстанымын жариялауын асыға тосқан едік. Көптен күткен сауалдың жауабын «CNN» арнасы ұсынды. Арнаның ресми сайтында Тамара Киблавтың «Байден мен Трамптың Таяу Шығысқа ықпалы қандай?» атты көлемді сараптамалық мақаласы жарияланды. Мақалада зерттеу нысанына айналған қос үміткердің Таяу Шығысқа қатысты пікірлері топтастырылып, ықтимал шешімдер жүйесі сараланған.
«Сайлау жаңа тарих парағын ашуы мүмкін. Егер Доналд Трамп сайлауда жеңсе, «ғасыр мәмілесі» атанған Иранмен ядролық қару мәселесі қайта көтерілуі ықтимал. Ал Джо Байден болса Трамптың басшылық кезеңінде Сауд Арабиясымен арақатынаста «есе жібергенін» алға тартып, билікке келсе, қатаң шара қолданатынын жеткізді. Сонымен қатар АҚШ-ты Сауд Арабиясының «Йемендік хусттер» атты ирандық бүлікшілерге қолдау көрсетуін тойтаруға шақырды. Ол саяси сыншы, журналист Джамаль Хашоггиді еске алуға арналған жиында: «Мен әлемдегі белсенділер мен журналистердің және саяси қуғынға ұшыраған азаматтардың құқығын қорғаймын. Сөз бостандығына ерік беріп, әр адамның өз пікірін еркін жеткізуіне күш саламын. Джамальдың өлімі бекер емес, біз оның құрметіне әділдік пен еркіндік үшін күресуіміз қажет» деген пікір білдірді».
Мақала авторы бейтарап ұстанымын алдыңғы орынға шығарып үміткерлер сөзінің ақ-қарасын анықтауға қадам басады. Мәселен, Байденнің Сауд Арабиясының саяси шешіміне қарсы пікіріне «өз сөзіне кереғар» деген пайым айтса, Трамптың «Шығыс елдеріне» қатысты санкциясы орынсыз деп топшылайды. Бұл шиеленісті Тамар Киблав былайша тарқатады:
«Барак Обама билікте отырған сәтте вице-президент лауазымын иеленген Байден көптеген заңсыздық пен әділетсіздікке қатысты. Мысалы миллиардтаған долларға Сауд Арабиясына қару сатып, Йеменді бомбалау кезінде де ешқандай салмақты мәлімдеме жасамады.
Ал, Трампқа келсек, оның Иран мен «араб әлеміне» бағыттаған қатаң санкциясы мил¬лиондаған жастың елінен безуіне түрткі болып, Еуропадағы босқын санының артуына әкеледі».
Мақала соңында автор ақылға қонымды, бейтарап ойын іркімей, АҚШ президенттерінің Таяу Шығысқа әсерін былайша түйіндейді.
«Обаманың кезінде бұл аймақтың көсегесі көгермеді. Оның басшылығы елдің есінде Йемен, Ливия, Сирия, Ирактағы қақтығыспен қалды. Трамптың президенттік шағында да аса бір оңтайлы уақыт туа қоймады. Алайда мұндағы халық ішкі қақтығыстың толастарына, Таяу Шығыстың хал-ахуалы түбегейлі өзгереріне сеніммен қарайды. Осы жолғы Президент сайлауы да қайта, үміт жаққандай болды».

Түпнұсқадан аударып, шолу жасаған:
Ерсін ШАМШАДИН
07 қараша 2020 ж. 269 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№92 (1693)

28 қараша 2020 ж.

№91 (1692)

24 қараша 2020 ж.

№90 (1691)

21 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 

Суреттер сөйлейдi

ТҮНГІ ҚЫЗЫЛОРДА
01 қараша 2017 ж. 14 421 0
  • Акимата Кызылординской области
  • Сайт президента
  • Нұрлы жол
  • Рухани Жаңғыру
  • Жаңғыру 30
  • Egov
  • Digital Kazakhstan
  • Нақты қадам