«ТІЛ МЕРЕЙІ» БАЙҚАУЫ
Қызылорда облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының ұйымдастыруымен Достық үйінде «Мың бала» республикалық мәдени-ағарту жобасының өңірлік байқауының қорытындысы өтті.
Маңызы жоғары жобаны іске асыруда жыл басынан бастап облыс көлемінде түрлі форматта іс-шаралар өткізілді. Онлайн форматта ұлттық және спорттық ойын түрлерінен жарыстар, байқаулар ұйымдастырылды. Жобаға тартылған 500-ден аса жастар қазақстандық бірегейлік пен бірлікті нығайтудағы мемлекеттік тілдің маңыздылығын жете түсінді.
«Асыл сөз» мектебі» бағдарламасы аясындағы облыстық «Тіл мерейі» байқауына 6 оқушы қатысып, бақ сынасты. Бірінші кезеңде оқушылар Отан, тіл, патриотизм тақырыптарында эссе жазды. Екінші кезеңде қойылымдық мәнерлеп оқу сайысында қатысушылар қазақ ақындарының шығармасынан үзінді оқыды. Ал, үшінші кезең «Ораторлық өнер» сайысында оқушылар берілген тақырып бойынша сөйлеу шеберлігін танытты.
Өңірлік байқауда қазылар қатарында «Қоғамдық келісім» КММ бөлім басшылары Айбек Дайрабай және Қанат Ақылбеков, ішкі саясат басқармасы жанындағы тілдерді оқыту орталығының оқытушысы Балауса Төребай болып, төрелік етті.
Байқау барысында әділ-қазылар қатысушылардың сөйлеу мәнеріне, мәтіннің бейнелік жүйесі мен мазмұндық құрылымына, актерлік шеберлігіне, таңдап алынған шығарманың ерекшелігіне мән берді. Үш кезеңнің нәтижесі бойынша I дәрежелі дипломды №233 орта мектебінің оқушысы Алия Шарипаева, II дәрежелі дипломды №3 IT мектеп-лицейінің оқушысы Алина Ким, III дәрежелі дипломды №5 мектеп-лицейінің оқушысы Карина Черепанова қанжығасына байлап, облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы атынан бағалы сыйлықтармен марапатталды.
Ендігі кезекте әділ-қазылар алқасының шешімі бойынша іріктеуден өткен оқушылар Нұр-Сұлтан қаласында онлайн жүйеде өтетін «Мың бала» республикалық мәдени-ағартушылық жобасының қорытынды шарасына қатысады деп күтілуде.
Облыстық Қазақстан халқы
Ассамблеясының баспасөз қызметі