Мықтыбаев – миллионер!
Сыр бойы журналистикасы үшін сүйіншілейтін жаңалық! «Сыр медиа» ЖШС-не қарасты «Kyzylorda-news.kz» ақпараттық агенттігінің бас редакторы Нұрсұлтан Мықтыбаев «Үркер» ұлттық сыйлығы байқауында «Жылдың үздік репортажы» номинациясын жеңіп алды. Қазақ журналистикасына серпін беруге арналған «Үркер» сыйлығының тағайындалғанына да көп уақыт бола қойған жоқ.Дегенмен де бұған дейін ұлттық сыйлықты қазақтілді журналистердің қанжығаға байлайтынын санаулы деген пікір айтылып жататын. Азуын айға білеген, есімінің өзі ат үркетін мықты есімдердің аты аталатын байқауда Сыр бойының атын шығарып, ұлттық сыйлықты жеңіп алған әріптесімізді құттықтаймыз.
Бүгін елордада «Үркер-2020» ұлттық сыйлығы жеңімпаздарының есімдері белгілі болды.
Сонымен «Жылдың үздік фотосуреті» аталымында тәуелсіз экологиялық шолушы Сәкен Ділдахмет жеңімпаз атанды. «Жылдың үздік репортажы» аталымы «Kyzylorda-news.kz» ақпараттық агенттігінің бас редакторы Нұрсұлтан Мықтыбаевқа, «Жылдың үздік аналитикалық материалы» аталымы Strategy2050.kz порталы журналисі Қайрат Жандыбаевқа, «Жылдың үздік журналистік зерттеуі» «Время» газетінен Михаил Козачковқа бұйырды.
Ал «Егемен Қазақстан» газетінің тілшісі Гүлбаршын Сабаева «Жылдың үздік сұхбаты», аталымында, «Sputnik Казахстан» агенттігінің тілшісі Тимур Ниталиев Жылдың үздік танымдық материалы» аталымында жеңімпаз болды. «Радиостанциядағы үздік жоба» аталымы «Atyray» радиостанциясының «Эфирде 102 FM» бағдарламасына бұйырса, TengriNews порталы «Жылдың үздік жаңалықтар порталы» аталымында жеңімпаз болды. «Жылдың үздік газеті» сыйлығы Жамбыл облыстық «AQ JOL» газетіне берілді. Сонымен қатар «Жылдың үздік журналы» «Жұлдыз» журналы жеңімпаз деп танылды. Ал Шерхан Мұртаза атындағы номинация Қайнар Олжайға бұйырды.
Мұнан бөлек, «Kazinform» халықаралық ақпараттық агенттігінің арнайы сыйлығы «ТАСС» агенттігі мен «Kaznews» Моңғолиядағы қазақтілді порталға берілсе, «Казахстанская правда» газетінің арнайы сыйлығы ардагер журналист Татьяна Костинаға табысталды.
Айта кетерлігі, 2020 жылдың 2 қазаны мен 5 қарашасы аралығында ұйымдастырылған «Үркер» ұлттық сыйлығының 11 аталым бойынша қатысушыларынан 470 өтінім келіп түсті. Бүгін әр аталым үздігіне «Үркер» естелік мүсіншесі және бір миллион теңге ақшалай сыйлық табыс етілді.
Ұлттық бәйгені ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі мен «Медиа дамыту қоры» корпоративтік қоры ұйымдастырды.