Дебатқа түсетін қатысушылардың тізімі бекітілді
Бүгін «Nur Otan» партиясы Қызылорда облыстық филиалының төрағасы, облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықованың төрағалығымен партия филиалы Саяси кеңесі Бюросының отырысы өтті. Жиында партия филиалының кезектен тыс XXVII конференциясының күн тәртібі мен облыс бойынша мәжіліске үміткер ретінде дебатқа түсетін қатысушылар тізімі бекітілді.
Праймериз Ережесіне сәйкес Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің партиялық тізіміне кандидаттар облыстық конференцияда өткізілетін дебатқа қатысып, іріктелуі тиіс. Партия филиалдарының конференцияларын өткізу жөніндегі нұсқаулыққа сәйкес әрбір аудан Мәжілістің партиялық тізіміне дебатқа 1 қатысушыны ұсынады.
Гүлшара Әбдіқалықова тізімге аудандық және қалалық конференциялардағы дебаттардың жеңімпаздарымен қатар Мәжілістің қызметтегі депутаттарыда қосыла алатындығын атап өтті.
Бүгінгі күні аудандық және қалалық конференциялардағы дебаттардың жеңімпаздары анықталып, мәжіліске үміткер ретінде дебатқа қатысуға 10 азамат ұсынылды. Олардың 7-і аудандардан және облыс орталығы өңір өкілдігінің квотасына сәйкес қаладан 3 азамат сондай-ақ, мәжілістің қызметтегі депутаты Балайым Кесебаева дебатқа қатысуға өтініш беріп отыр. Облыстық конференцияда мәжілістің партиялық тізіміне үміткер 11 азамат дебатқа түседі,- деді облыстық партия филиалының төрағасы Гүлшара Әбдіқалықова.
Жиында аталмыш үміткерлерді партия филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ләйлә Төрешова таныстырды.
Саяси кеңес Бюросының күн тәртібіндегі мәселелер толық қаралып, тиісті қаулылар қабылданды.