Аппарат мәжілісі өтті
Мәжілістің күн тәртібінде Қарауылтөбе және Қызылөзек ауылдық округтерінде жыл көлемінде атқарылған жұмыстар мен алдағы міндеттер талқыға түсті.
Мәжілісте бірінші Қарауылтөбедегі жұмыс қарқыны мен көрсеткіштері қаралды. Ауылда атқарылған шаруалар легін жіктеп, ауыл ахуалын баяндаған Сейілбек Тайманов Қарауылтөбеде кәсіпкерлік саны артып, қосымша жұмыс орындарының пайда болғанын айтты. Жыл басынан жол жөндеу жұмыстары да қарқынды жүргізілгенін баяндап, округтегі құқық бұзушылықтың алдын алу бағытындағы және карантиндік талаптардың сақталуына негізделген шаралардың барысына тоқталды. Айтуынша жұмыстар өз деңгейінде атқарылып, жоспарға сай жүргізілуде.
Дегенмен ауылда мемлекеттік бағдарламаларды кәдесіне жаратып, кәсіп ашуды қолға алған азаматтар саны аз. Бұл мәселені қозғаған қала әкімі мемлекеттік бағдарламаларды тұрғындарға тиісті деңгейде түсіндіріп, ауылдықтарды кәсіп ашуға шақыру жұмыстарын тиянақтауды ауыл басшысына нықтап тапсырды. Елді-мекендегі тазалық жұмыстарын да сынға алған шаһар басшысы, санаулы күнде ауылдың санитариялық жайы сараланып, үдеден шықпаса округ әкіміне шара көрілетінін де атап өтті.
Күн тәртібіне сай Қызылөзектің көрсеткіштерін Сәкен Нысанұлы нақтырақ баяндап, ауылда атқарылған жұмыстарға тоқталды. Қызылөзекте де кәсіпкерлік қарқын алған. Жыл басынан бері жаңадан 6 кәсіпкерлік субъектісі тіркеліп, жалпы саны 129-ға жетіп, өткен жылмен салыстырғанда 5%-ға өсіпті. Мемлекеттік бағдарламаларды тиімді тұтынған ауыл тұрғындарының барлығы 45 млн 900 мың теңгені құрайтын 11 жобасы қаржыландырылған. Жыл басында ауыл тұрғындарымен өткізілген есепті кездесуде көтерілген мәселенің бәрі шешімін тауып, «Жұмыспен қамту жол картасы» аясында бюджеттен қаралған қаражатқа Қараөзек бекеті-1 және Ж.Жабаев көшелеріне орташа жол жөндеу жұмыстары жүргізілген. Бағдарлама бойынша, жол жөндеу жұмыстарына ауылдың 25 жұмыссыз азаматтары жұмыспен қамтылды. Ауылда ауыз су мәселеесі де толық шешілген. Алайда ауыл көшін артқа тартып тұрған мәселе елді мекен тазалығы мен округ аймағында тіркелген қылмыстар саны. Жыл басынан бері Қызылөзекте 9 қылмыс тіркелген. Дегенмен 100 пайыз ашылып, айыптыларға әкімшілік хаттама толтырылып, жазаға тартылған.
Алақандай ауылда қылмыс мүлде болмауы керек деген қала әкімі қоғамдық тәртіпті күшейтіп, құқық бұзушылықтың алдын-алуды, тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуді жауаптыларға жүктеді.
Сонымен қатар қалаға қарасты барлық кент, ауыл әкімдеріне жыл көлемінде қаражаттың басым бөлігі қалаға емес ауылдарға бөлініп, ол қаражат тұрғындар тарапынан көтерілген мәселелерді шешуге бағытталғанын айтып, көрсетілген қолдауға сай жұмыс атқару керектігін қатаң ескертті. Сондай-ақ, шаһар басшысы берілген тапсырмалардың мерзімінде және нәтижелі орындалуы тікелей өз бақылауында болатынын жетікізді.