Құның арта берсін, қымбатты теңге!
Теңгенің туған күні. Қандай тілек айтсам екен? Туған күндерде айналаңдағы жақын-жуыққа, дос-жаранға тілек білдіру үшін оның өміріндегі жарқын сәттерді, ерекше қасиетін, жетістігін айтып, мақтағың келеді емес пе?! Сол сияқты тәуелсіз ел экономикасын өрге сүйреуге қалтқысыз қызмет етіп келе жатқан төл теңгеміздің де 27 ¬жылында тым тәуір «өмірбаяны» бар, жарқын сәттері де, қиналған тұстары да аз емес.
Осыдан 27 жыл бұрын, яғни 1993 жылдың 15 қарашасында Ұлыбританиядағы «Харрисон және оның ұлдары» деп аталатын банкнот фабрикасында дүниеге келді.1995 жылдан бері Алматыдағы банкнот фабрикасында басылса, темір ақшалар Өскемендегі монета сарайында соғылады. Теңгенің ерекше қасиеті ретінде әлемдегі ең жақсы қорғалған валюта екені айтылады. Анығын айтқанда, төл теңгеміздің 17 қорғау дәре¬жесі бар: сутамғы белгілері, қорғаныш жіптер, мөлдір терезе, қосарланатын және жасырын бейнелер, микроқаріптер. Теңгенің осы жасына дейін халықаралық байқауларда қазақ елінің атын әлемге әйгілеген жетістіктері де аз емес. 2011 жылы «Ең үздік банкнот» атағы 2012 жылы ел тәуелсіздігінің 20 жылдығына арналған номиналы 10 000 теңгелік ескерткіш банкноты¬на берілген. Ұлттық банктің «Қазақ елі» сериясының номиналы 5000 теңгелік банкноты екінші рет «2012 жылғы ең үздік банкнот» атағын иеленді. Ал 1000 теңгелік «Күлтегін» ескерткіш банкноты «2013 жылғы ең үздік банкнот» атағын иеленді. Ал теңгенің құнына келер болсақ...
Төл теңгеміз айналымға енді деп қуанған алғашқы жылдары ел ішінде қалған мынадай оқиға бар. Бұған дейін рубльді жұмсап үйренген ел құдайы-тойға әдепкіде 3 теңгеден жинай бастапты. Сәл уақыт өткен соң теңгенің бағамын түсіне бастаған елдегілер ақылдастар алқасын құрып, ең болмаса ағайынның бір жағын көтерейік деп құдайы-тойға жинай¬тын қаржыны 5 теңгеге көтеріпті. Содан бері 27 жыл өтті. Осы уақыт ішінде қазақ елі де әдемі төл теңгесінің тағдыры АҚШ долларына байланысты екенін түсінді. Доллар семірсе, теңгенің арықтай түсетінін қаржыгер болмаса да байыптай білген ел қазір теңгеге ренжімейтін болды. Тіпті 2016 жылдың тамызында қайтып тұрмастай құлдыраған теңгенің сол қиындықты да жеңіп өмір сүруге ұмтылғанынан кейін ел «құның көк тиын болды» деп төмпештемейтін болды. Осыдан кейін экономист-мамандардың теңгенің тағдыры долларсыздануға байланысты деп болжам айтып, қазақ елінде доллар¬сыздану жүре бастады.
Теңге жайы тәуір болып кетпесе де ірі сауда жасау үшін доллармен бағамдайтын жағдайдан арылдық. Әйтпесе, қуықтай бір пәтерді сатып алуға келісім жасап қойып, таңертең оянса доллар қымбаттап кетіп, талайдың жиған-тергені бір күнде ешнәрсеге жетпей қалған кездері де болғаны жасырын емес. Несиені доллармен алып, күн сайын доллардың қымбаттамауын тілеп, қанша қазақ қиналды. Қазір қарапайым жұрт долларға бас қатыра бермейтін болды. Үй сатса теңгемен, көлік алса теңгемен. Ақша жинаса теңгемен. Ең бастысы, қарапайым ел бас аурудан құтылды. Алайда теңге де, ел экономикасы да долларға тәуелділіктен құтылған жоқ.
...Кейде теңгенің жайын «мың өліп, мың тірілген» жаны сірі қазаққа ұқсатасың. Талай қиын-дықтан арып-ашып, сүрінбей өтіп келеді.
Дүние тұрғанша тұр, төл теңге!
Гүлмира ДІЛДӘБЕКОВА