ЕГЕМЕНДІКПЕН БІРГЕ ЕСЕЙГЕН НҰРЖАН
Облыстық ішкі істер департаменті техникалық қызмет басқармасының аға инженері, полиция аға лейтенанты Нұржан Ибраев – құқық қорғау саласында еңбек етіп жүрген жас маман. Бала кезден полиция қызметкері болғысы келген арманы оған ел тыныштығы жолындағы жауапкершілікті сол кезден-ақ сезіндірген. Есейе келе оның маңызын терең ұғына бастады. Себебі ол – еліміздің жай азаматы емес, еліміз егемендік алған жарқын сәтте дүние есігін ашқан жан.
Осыдан 26 жыл бұрын халқымыз тәуелсіздік туын желбіреткен уақытта, сол қуаныш қаншама отбасында еселене түскен. Солардың бірі – қаладағы Ибраевтар еді. «Қос тойың қабат болсын» дегендей егемендікпен бірге бұл әулеттің қамшыұстары дүниеге келді. Қазақ халқы үшін қадір-қасиеті жоғары мұндай айтулы күнде дүние есігін ашқанын бүгінде Нұржан мақтаныш тұтады.
– Осындай айтулы күнде дүниеге келу – мен үшін үлкен мәртебе. Тарихи кезеңмен тұспа-тұс келген туған күннің әсерін жеткізу мүмкін емес. Жыл сайын осы күнді асыға күтемін. Өйткені, атаулы мейрамда нендей жетістікке жеттім, өзімді дамытуда қандай істер атқардым деген сынды өз-өзіме есеп беретін сәт туады. Қаншама ғасырлар бойы ата-бабамыздың білектің күші, найзаның ұшымен күресіп жеткен егемендіктің қадірін, байтақ жерімнің құндылығын жіті түсінемін. Бала кезімде ел қауіпсіздігі жолында қызмет етсем, отанымның қорғаны болсам деп арманға берілетін едім. Бүгінде сол бала арманым жүзеге асып, ел үшін еңбек етуге мүмкіндік туды, – дейді ол бізбен әңгімесінде.
Отан алдындағы борышын Алматы қаласындағы Заречный елді мекеніндегі №7552 әскери бөлімде абыроймен өтеп келген кейіпкеріміз департаменттің техникалық қызмет басқармасының инженері болып еңбек жолын бастайды. Алғашқы жұмыс күнінен-ақ таңдаған саласының өзі ойлағаннан да зор жауапкершілікті, шыдамдылықты, қырағылықты талап ететінін түсінді. Қызмет барысында күтпеген жағдайлар орын алып, үзіліссіз, демалыссыз, күшейтілген режимде еңбек етуіне тура келді. Негізгі міндетінен бөлек қосымша қоғамдық жұмыстар атқарды. Мұндай ауқымды еңбек кестесі жас маман үшін оңай болмағаны анық. Десе де, бұл салаға келгеніне мүлде өкінген емес. Басшылықтың артқан сенімі мен жүктелген міндетті атқару барысында шыңдала түсті. Қазір «Мамандығым мені өсірді, ақ пен қараның, жақсы мен жаманның ара-жігін ажырата білуіме, қызметтік шыңдалуыма септігін тигізді» деп мақтанышпен айтады. Ес білгеннен ата-анасынан, ұстаздарынан санасына сіңірген егемендік ұғымын, оның рухы қайтпаған, намысын таптатпаған халықтың ұрпағы екенін бір сәт те естен шығарған емес.
Нұржан – елмен бірге өсіп, өркендеп келе жатқан жас. Қазақстанның әрбір жетістігінің, тарихи жаңғыруының куәгері. Аз ғана уақыт ішінде экономикасы тұрақты, саяси ықпалы жоғары мемлекетке айналған өз елінің талай белесті бағындырарына, дамыған елдердің көшінде бой көрсетеріне сенімді. Бұл тұрғыда полиция аға лейтенанты Нұржан Нұрланұлы ел дамуына өз үлесін қосып, әрдайым халқының тыныштығын сақтауда қалтқысыз қызмет етуге дайын.
Айдана САЙДУЛЛАҚЫЗЫ.