Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ақмешіт апталығы

Газет 1994 жылдан бастап шығады
» » Кәсіпкерлерге қандай жеңілдік жасалады?

Кәсіпкерлерге қандай жеңілдік жасалады?


Өңірімізде шағын және орта кәсіпкерлікті барынша дамытып, елдің әлеуметтік-экономикалық деңгейін көтеру – басты міндеттің  бірі. Қазіргі таңда кәсіп те, кәсіпкерлер саны да артып келеді. Ол өз кезегінде жұмыссыздықты жоюға оң әсер етері анық. Кәсіп ашамын деген адамға қашанда мүмкіндік мол. Алайда оған мемлекет тарапынан қандай қолдау көрсетіледі? Қандай жобалар ұсынылады? Осы және өзге де сауалдарға қалалық кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімінің басшысы Бағлан Бақытжанұлы жауап берді.

– Бағлан Бақытжанұлы, сала басшылығына келгелі көп уақыт өте қойған жоқ. Дегенмен атқарылған жұмыстар мен алдағы межелі міндеттерге аз-кем тоқталып өтсеңіз...
– Қазіргі таңда қала аумағында 9 айдың көлемінде 26 мың 21 шағын кәсіпкерлік нысандары тіркелген. Оның ішінде 5813 заңды тұлға, 18 722 дара кәсіпкер, 1486 шаруа қожалық бар. Бұл облыс бойынша жұмыс істеп тұрған шағын және орта кәсіпкерлік нысандарының 46,1 процентін құрайды. Қазіргі мәселе – осы пандемия кезінде немесе одан кейін де кәсіпкерлікті қалай дамыту керек? Қалай жұмыс жасауымыз керек? Кәсіпкерлікке мемлекет тарапынан қандай көмек көрсетіліп жатыр? Осы жағынан жан-жақты түсіндірме жұмыстары жүргізілуде. Қалаға қарасты барлық ауылдық округ кәсіпкерлерімен санитарлық нормаларды сақтай отырып, кездесу жұмыстарын жүргіздік. Қазір аймағымыз өндірістік салаға қарай бет бұруда. Осы өндірістік саланы дамыту үшін Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес «Қарапайым заттар экономикасы» және «Бизнестің жол картасы» бағдарламалары арқылы кәсіпкерлерге 6 процентпен «Даму» қаржылай қолдау қоры кепілдеме беріп, субсидия ала алатынын айтқым келеді. Оның ішінде «Даму» қаржылай қолдау қоры тарапынан кәсібін енді бастап келе жатқан кәсіпкерге 50 процент және бұрыннан жұмыс жасап келе жатқан кәсіпкерге 85 процентке дейін кепілдеме береді. Бұл дегеніңіз қалған 15 процентін кәсіп иесі өзі тауып тиісті несие алуға мүмкіндігі бар дегенді білдіреді.
– Өзіңізге белгілі, өңірімізде 2018-2020 – кәсіпкерлікті қолдау жылдары деп жарияланды. Осы бағытта қандай жұмыс жүргізілуде? 
– «Нәтижелі жұмыспен қамту және кәсіпкерлікті дамыту» бойынша «Еңбек» бағдарламасы аясында жыл басынан бері 631 млн 600 мың теңгені құрайтын 116 жоба несиелендірілді. Қайтарымсыз гранттар беру бағыты бойынша құны 450 млн 762 мың болатын 826 жоба қолдау тауып, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 3,2 есеге артқанын көруге болады. Алдағы уақытта да осы бағыттағы жұмыстар жалғасын табатын болады.
– Өзімізден шығарылатын өнімге қандай қолдау көрсетіледі?
– Қай кезде де өзімізден өндірілетін өнімге басымдық берілуде. Біз алдымен шығарған өнімді қайда өткіземіз соны бағдарлап алуымыз керек. Осы бағытта кәсіпкерлермен бірге бизнес жоспар жасауды ұсынып отырмыз. Кеше пандемия кезінде аймағымызға 95 процент өнімді сырттан алып келдік. Енді, біздің жерімізге ауа райына төзімді өнімдерді өзіміз шығаруға бейімделуіміз керек. Содан соң оның өзге аймақтарға сатылымға шығару жағы қарастырылады.
– Мемлекет кәсіпкерлікті қолдау үшін қандай бағдарлама қабылдады? Осы жайына тоқталсаңыз...
– Мемлекеттік бағдарламалар аясында жыл басынан бері құны 4 млрд 723 млн 362 мың 600 теңгені құрайтын 1061 жоба қолдау тапты. Оның ішінде «Бизнестің жол картасы – 2025» бизнесті қолдау мен дамытудың бірыңғай бағдарламасы аясында жалпы құны 3 млрд 178 млн теңгені құрайтын 87 жоба қаржыландырылды. Аталған бағдарлама аясында идеяларды іске асыруға мемлекеттік қайтарымсыз гранттар беру бағыты бойынша комиссия шешімімен 52 млн теңге болатын 21 адамның жобасы қолдау тапты. Сондай-ақ екінші деңгейлі банктермен жоба құны 3 млрд құрайтын 34 жобаның құжаттары қаралуда. «Қарапайым заттар экономикасын дамыту» бойынша басымдық берілген жобаларды жеңілдікпен несиелендіру бағдарламасы негізінде 2 млрд 549 млн теңгені құрайтын 32 жоба қолдау тауып, 411 млн теңгені құрайтын 11 жоба қаржыландырылды.
– Пандемия кезінде кәсіпкерлер жұмысы қалай іске асуда?
– Пандемия кезінде қала аумағында карантиндік шектеулерге сәйкес 2515 кәсіпкерлік нысанда 3638 кәсіпкер жұмыстарын уақытша тоқтатты. Кәсіпкерлерге жобаларын қаржыландырудың жеңілдетілген талаптарының тиімділігі мен мүмкіндіктері жөнінде түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Мемлекеттік бағдарламалар аясында пандемия кезеңінде шағын және орта бизнестің 1101 жобасына 9,1 млрд теңге қаржылай қолдау көрсетілді. Сондай-ақ шағын және орта кәсіпкерлік нысандарына қаржы ұйымдарындағы несиелері бойынша міндеттемелердің орындау мерзімін ұзарту бойынша 8 мыңға жуық кәсіпкерлік нысандарының несие төлеу мерзімі кейінге шегерілді. Бұдан бөлек 25681 кәсіпкерлік нысаны бірқатар салық түрлерінен және 9 мыңға жуық кәсіпкерлер әлеуметтік медициналық сақтандыру төлемінен босатылды. Бұл – кәсіпкерлерге жасалған қолдаулардың бір парасы ғана.
– Кәсіп ашатын адам алдымен нені қолға алуы керек?
– Ең бірінші өзіне ыңғайлы жер телімін дұрыс таңдағаны  абзал. Оның жұмысы жүруі үшін орналасқан аумақтың да әсер етері анық. Өнімнің өтімділігін нақты жүйелеп алуы керек. Сонда ғана өзіне де, елге де пайдасы болады. Халқымызда «Кәсіп түбі – береке» деп бекер айтылмаған. 
– Әңгімеңізге рақмет.

Сұхбаттасқан
Тұрар БЕКМЫРЗАЕВ
17 қараша 2020 ж. 809 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№92 (1693)

28 қараша 2020 ж.

№91 (1692)

24 қараша 2020 ж.

№90 (1691)

21 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 

Суреттер сөйлейдi

ТҮНГІ ҚЫЗЫЛОРДА
01 қараша 2017 ж. 14 421 0
  • Акимата Кызылординской области
  • Сайт президента
  • Нұрлы жол
  • Рухани Жаңғыру
  • Жаңғыру 30
  • Egov
  • Digital Kazakhstan
  • Нақты қадам