Тігіншіні ине мен жіп асырайды
Қалада қанат жайған шағын және орта бизнес мемлекет қолдауының оң нәтижесі ретінде аталып жүр. Бұл шындық жәйт. Олай болатыны, «Кәсіпкерлікті қолдау жылы» аясында облыста нақты жұмыс істеп тұрған кәсіпкерлік субъектінің 49 пайызы – Қызылорда қаласының үлесінде екен. Демек, қаланың кәсіпкерлік саласы бойынша басымдығына ешкім шәк келтірмейді.
Ару көктемнің ажарын айналған 8-Наурыз халықаралық қыз-келіншектер мерекесі қарсаңында Сырдария мөлтек ауданынан тағы бір тігін шеберханасы тұсауын кесті. Бұл – жеке кәсіпкер Жадыра Құлмырзаеваның үшінші нүктесі. Яғни, Жадыраның мерекеге тартуы.
Ол 2017 жылдан тігіншілік кәсіпті жандандырып, кәсіпкерлік жолын кең өріске бастады. Алдымен 4 жұмыссыз жанды қасына алып, кәсіпке баулыды. Елдің сұранысына сай тігін цехын тағы да қосты. Бұған "Ауылшаруашылығын қаржылай қолдау" АҚ арқылы "Қолдау кредиттеу" бағдарламасымен 1 млн 600 мың теңге жеңілдетілген несие алып, 6 жұмыс орны ашылды. Міне, бизнес баспалдағы осылай биіктей береді.
Шеберхананың ашылу салтанатында тұсаукесер рәсімін жасаған қалалық кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімінің басшысы Алмасбек Есмаханов: – Бүгінгі таңда бизнестің бағдары айқын, мемлекет тарапынан түрлі қолдау бар. Біз кәсіп бастаған азаматтарға үнемі көмек көрсетіп, қала өміріне жағымды жаңалық қосылсын, елдің тұрмысы өссін, жұмыссыздық мәселесі азайсын деген тілеулестікті алға тартамыз. Осындай шарапаттың үлгісі деп осы шеберхананы айтқым келеді, – деді.
Жалпы, тігіншіні ине мен жіп асырайды. Әрине, оған шеберлік пен ынта керек. Жадыраның ынтасы жұмыссыздықты жоюға, кәсіпті өркендетуге бағдаршам болды. Бұған ел де риза, кәсіпкер де риза.
Қ.ҚҰРБАН