«СЫР АНАЛАРЫНЫҢ» МАҚСАТЫ ҚАНДАЙ?


Кездесуде қалаға қарасты 18 шағын ауданға жауапты 32 ерікті аналар өздеріне тиесілі аумақтағы атқарылған жұмыстарға есеп берді. Олар тұрмыс жағдайы төмен көпбалалы және отбасында мүгедектігі бар азаматтарды анықтауда айтарлықтай жұмыс жасаған. Бірі демеушілер тауып, әлеуметтік гуманитарлық көмек көрсетсе, енді бірі медицина, білім мәселелері бойынша қажетті қолдау көрсетілуіне себепші болған.
Интерактивті тақта арқылы ел арасындағы жұмыстарына есеп беріп, алдағы уақытта да жүйелі жалғасатынын жеткізді.
Кездесуде «Мағжан и К» ЖШС директоры Мағжан Ералиев, республикалық «Қарекет» қайырымдылық қорының ресми өкілі Азамат Болатбек тақырып төңірегінде өз ойларын білдірді.
– «Сыр аналары» құрылғандағы басты мақсат ел ішіндегі қолдауды қажет ететін отбасыларды анықтап, көмек көрсетілуіне бастамашы болу. Мұқтаж отбасыларға бірдей көмек көрсетіп, қиналған сәтінде жанынан табылған қуанса бірге қуанған «Сыр аналар» ерікті тобының мүшелері. Бүгінгі басқосуда осы жетістіктеріңізді жан-жақты насихаттап, өзгелерге өнеге ету болатын. Сіздерден жастар үлгі алады. Мен осыны айтқым келеді, – дейді қалалық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және АХАТ бөлімінің басшысы Индира Ақжігітова.
– Көмек алған адамнан оны берген адам артық қуанады. Аналар аман болсын, балалар жыламасын. Біздің басты тілегіміз осы, – дейді «Ел Арай» қоғамдық қорының басшысы Асхат Байдәулетов.
Байқағанымыздай, ерікті аналардан құралған топ талай отбасының түйткілін тарқатып, талай отбасыға қолдау білдірді. Кездесу қорытындысында олардың еңбегі бағаланып, алғыс хатпен марапатталды.
Тұрар БЕКМЫРЗАЕВ