Жаңашыл жобалар игілігі
Бүгінде кәсіппен айналысамын деген адамға мүмкіндік мол. Ол үшін мемлекеттік бағдарламалар бойынша өз жобасын ұсынып, мамандардың семинарына қатысып, көздеген ісін дөңгеленте алады.
Қалалық әкімдіктің мәжіліс залында өткен жиында кәсіпкерлікпен айналысу мүмкіндіктері сараланды. Аталмыш шараны қалалық кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімі ұйымдастырды. Бұл бағыттағы мемлекеттік бағдарламаларды түсіндіру бағытында өткен жиынға қала әкімінің орынбасары Бектас Нұридинов жетекшілік етті.
– Жыл артқан сайын кәсіпкерлердің саны көбейіп келеді. Сонымен қатар, осы саланы дамытуға бағытталған мемлекеттік бағдарламаларда тиімді жүзеге асырылуда. Айталық, «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға» арналған бағдарламасы аясында қала мен оған қарасты елді-мекендерде 906 млн. 902 мың теңгені құрайтын 179 жоба шағын несиелендіру арқылы қаржыландырылды. Бұл көрсеткіш 2017 қорытындысымен салыстырғанда 3 есеге артты, – деді қалалық кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімінің басшысы Жанмұрат Сейілов.
Сондай-ақ, «Бизнестің жол картасы 2020» бизнесті қолдау мен дамытудың бірыңғай бағдарламасы аясында қазіргі таңда екінші деңгейлі банктер арқылы 7 млрд. 274 млн. теңгені құрайтын 76 жоба қолдау тапты. Аталған бағдарлама аясында қайтарымсыз грант бағыты бойынша 63 млн. теңгені құрайтын 52 жоба қолдау алды.
Жиын барысында сала мамандары баяндама жасап, түсіндірме жұмыстарын жүргізді.
Ақтолқын НҰРЛЫБАЙ.