Ақындар олжалы оралды
Айтыс – тоғыз өнер жиынтығын бір арнада топтастыратын атамұра өнер. Сөз барымтасы бәйгеге түскен топта Сыр ақындары қашанда сыбағасыз қалған емес. Бұл «Сыр елі – жыр елі» екендігінің айқын дәлелі болса керек. Сөзіміздің дәлеліндей күні кеше екі бірдей жыр жүйрігі республикалық айтыста жерлестеріне жеңіс сыйлады.
Атап айтар болсақ, Абай Құнанбаевтың 175 жылдығына орай Атырау облысында өткен «Қалың елім, қазағым» тақырыбындағы республикалық айтыста М.Ералиева атындағы мәдениет үйінің директоры Нұрмат Мансұров жүлделі ІІІ орын иеленді.
Екі күнге созылған аламанда барлығы 24 ақын бақ сынап, оларға Қазақстанның Еңбек Ері Асанәлі Әшімов бастаған қазылар алқасы баға берді. Жерлесіміз айтыста Батыс Қазақстан облысының ақыны Бекболат Қосанов және Нұр-Сұлтан қаласынан келген Рауан Қайдаровпен сөз қағыстырып, бәсі биік дүбірлі додада Сыр елінің мерейін үстем етті.
Сонымен қатар Жамбыл облысы әкімдігінің қолдауымен Қаратау қаласында өткен Ұлбике Жангелдіқызының 195 жылдығына орай ұйымдастырылған республикалық айтыста жерлесіміз Ержеңіс Әбдиев ІІ орынды жеңіп алды.
Жерлесіміз дүбірлі додада Жамбыл облысының қос жүйрігі Алтынкүл Қасымбекова, Дархан Әбіманаппен сөз қағыстырып, Ақмешіттің абыройын асқақтатып қайтты.
Бұл ақтаңгер ақындарымыздың алғашқы немесе соңғы жеңісі емес. Әлі талай аламанда айтыссүйер ағайынның көз қуанышына айналып, Сыр өңірінің мерейін үстем ете бермек.
Жүлде құтты болсын, Сыр елі!
Тұрар БЕКМЫРЗАЕВ