Тәлімі мол тәлімгерлік
Мектептегі сан-салалы жұмыстардың ішінде менің жүрегіме жақыны өзім сүйіп атқаратын жұмысым – тәлімгерлік қызметім.
Сырт қарағанда жәй ғана кіші, орта буын оқушыларымен жұмыс істейтін қарапайым жұмыс болғанымен, оның ішіндегі қайнаған тірлік, әр баланың арманы мен мақсаты, қуанышы мен реніші, тіпті көңіліндегі кірбің де осы жерде тоғысып жатады. Себебі олардың осы жастағы психологиясы өте ашық, сенгіш, еліктегіш келеді. Ендеше менің айналамда періште сәбилер жүруінің өзі менің өз жұмысыма адал болуымды, ешқашан енжарлық танытпауымды, ешнәрсені ұмытып кетпеуімді қажет етеді.
Оқушылардың сан-салалы қоғамдық ұйымдары мен бірлестіктерінің дамуына ықпал ету, балалар мен жеткіншектердің ынтасын арттыру, әр баланың қызығушылығы мен қажеттілігіне сай жұмыс атқару, бағдарламалар жасау, оқушылардың жас ерекшеліктері мен қызығушылықтарына қарай және өмір талабына сай ұжымдық шығармашылық жұмыстар ұйымдастыру, қоғамдық ұйым, бірлестіктер формасы мен мазмұнын жаңарту менің құзіреттілігімде. Қарапайым жұмыстың үлкен жүгі десек те болады.
Оқушылардың денсаулығы мен өмір қауіпсіздігінің сақталуын қамтамасыз етуді де ойластыру қажеттілігі тағы бар.
Бала тәрбиесі қателесуді кешірмейді. Көңіліне қаяу түскен шәкірт өмір бойы өзіне де, өзгеге де ренішпен өтуі де ықтимал. Сондықтан да әр жоспарланған іс-шарама жан-жақты келіп, қатысушы барлық оқушылардың қамтылуын ескеріп, олардың еркін ойлап, өз ойларын айтып, пікір білдіруін қадағалаймын. Түрлі өнер, білім сайыстары мен қауіпсіздік ережені игеруге арналған шараларым осының айғағы десем болады. Каникул кезінде олардың демалысын ұйымдастыру олар үшін де, мен үшін де жауапты және қызықты кезең. Интеллектуалды сайыстар, отбасылық эстафеталар, өнер байқау-ларынан жүлделердің барлығы осы каникул күндерінің ерекшелігі.
Мен жетекшілігімнің ішіндегі 11 жасқа дейінгі бастауыш сыныптың балалары жан-жағындағы тіршілік тынысын толық меңгермеген жас өрен болғандықтан олар үшін ертегі әлемі де ерекше әлем. Бастауыш сыныптарға арнап қуыршақ театры арқылы ұлттық және шетелдік ертегілердің қойылымын қойдыру, 5-7 сынып оқушыларына қуыршақ театрын ұйымдастыру арқылы оқушыларымның шығармашылыққа деген қызығушылығын арттырып келемін.
Баланың бойы ерте жастан таза тұнық санамен қалыптасуы керек. Ұлттық менталитет, тілді қадірлеу, ұлттық құндылықтарды осындай іс-шаралар барысында бойларына сіңірмек керек. Ендеше менің өмірлік сүрлеуімдегі із, осы шәкірттерімнің зердесіндегі өнері мен білімі, ұлтқа деген қалыптасқан махаббаты. Тәлімгерлік жұмыстың қыры мен сырын жаңашылдықпен игеріп, өз шәкірттеріме бойымдағы барлық жігерімді аямай жұмыс жасаймын деп сенім білдіремін.
Алисин Бағдагүл
Т.Рысқұлов атындағы
№222 орта мектебінің тәлімгері