Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ақмешіт апталығы

Газет 1994 жылдан бастап шығады
» » Өнертапқыш өрендер технопаркі

Өнертапқыш өрендер технопаркі

   Бүгінде қалалық білім бөлімінің қосымша білім беру оқу-әдістемелік орталығында баланың бос уақытын тиімді пайдаланып, жан-жақты жетілдіруге барлық жағдай қарастырылған. Әрбір жастың қызығушылығына қарай мұнда түрлі үйірме жұмыс жасайды. Яғни, ән айтамын, сурет саламын, құм анимациясын үйренемін, қолөнермен айналысамын деген ынтасы бар кез келген талапты өренді аталмыш орталық қашанда құшақ жая қарсы алады.
         Жақында ғана білім берудің жаңа сапасы мен мазмұнын жүзеге асыру мақсатында мұнда тағы бір жарқын жоба жүзеге асып, өзінің кішкентай келушілерін одан әрі ынталандыра түсті. Барлық қажетті инфрақұрылымы бар бизнес-инкубаторы желісін құру шаралары аясында оқушылар сарайы базасында ІТ IMAQORDA балалар технопаркі ашылды. Жас ұрпақтың жаңа технологияны еркін меңгеруіне облыс басшылығы қолдау жасады. Технопарктің жобалық жол картасына облыстық бюджеттен 60 млн. теңге қаржы бөлініп, оның толыққанды жүзеге асуына мол мүмкіндік жасалды.
         – Біз үшін биылғы оқу жылы білім инновациялық көрмесінің жаңа форматта ұсынылуымен басталды. Мақсатымыз – жастарға кәсіптік бағдар беру. Бұл жобаның жастар үшін берер мүмкіндігі мол. Мәселен, робототехника сабағы оқушылардың мамандық таңдауына өз септігін тигізеді. Ал, олардың мамандық жайлы ерте танысуы бала үшін, түптеп келгенде еліміздің тұтастай білім беру саласының қалыптасуына түрткі болады. Мамандық бойынша жұмыс істейтін түлектер саны артады. Демек, бұл білімге жұмсалған ресурстар тиімділігін, маман даярлау деңгейін ұлғайтады деген сөз, – деді қалалық білім бөлімінің қосымша білім беру оқу-әдістемелік орталығы директорының орынбасары Алтынай Төлегенова.
         Қазіргі таңда мұнда жас жеткіншектердің ақпараттық-техника­лық бағытта шығарма­шы­лы­ғын дамыту мақсатында 12 кабинет жасақталып, 150-дей өрен жаңа саланы игеруге талаптануда. Олардың қатарында радиоэлектроника және практикалық электротехника, робототехника және 3Д модельдеу, авто-мото модельдеу, 3Д визуализация, жобалау және VR/AR бағдарламалау, архитектуралық дизайн, "Publickzo" медиа кабинеті сынды түрлі заманауи бағыттағы сыныптар бар. Қазірдің өзінде мұнда балаларын жетектеп келіп, жаңа технологияны үйренсін, білсін деп жүрген ата-аналар көп. Бәрі де ұл-қызының жаңа заман ағымынан қалыс қалмай, инновациялық ұтымдылыққа негізделген орталықта тиімді уақыт өткізгенін қалайды.
         Ал, аталмыш жоба аясында ашылған 3Д макет студиясының жетекшісі Дархан Ерленнің сыныбының өзінде 15 шақты бала түрлі ғимарат пен күрделі нысандардың қарапайым үлгісін ғана емес, 3Д макетін жасаудың қыр-сырын ұғынуда.
         – Мен алғаш осында келгенде үйірме "Жас сәулетшілер" атауымен ашылды. Кейіннен оқушылардың қызығушылығын ескере отырып, осы үлгі жасау ісі бағытында сыныпты қайта аштық. Байқағаным, кесіп-жонып, құрастыру жағына қызығушылық танытатын балалар өте көп. Кішкентай бастауыш сынып оқушылары да қатысуға ниет білдіріп жатады. Дегенмен, мен осының маманы ретінде үйірмеге 6 сыныптан бастап қабылдағанды жөн көремін. Себебі, кесу, қырқу, жону секілді аса мұқияттылықты қажет ететін әрекетпен жүзеге асатын болғандықтан олардың қауіпсіздігі біз үшін басты орында. Ал, республикалық байқауларға авторлық жоба әзірлеп, аталмыш бағыттағы оқу грантын жеңіп алған шәкірттеріміз де жоқ емес. Енді жұмыс бағытымызды жаңашыл форматта жүзеге асырып, 3Д-принтерді қолдануға көшудеміз, – дейді ол.
         Осындай жаңашылдыққа негізделген жарқын жобалар аясында ашылған бұл жерде болашақ өнертапқыш өрендер сабақ алуда.
Бағлан ТІЛЕУБЕРГЕНОВА.
05 ақпан 2019 ж. 1 418 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№92 (1693)

28 қараша 2020 ж.

№91 (1692)

24 қараша 2020 ж.

№90 (1691)

21 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 

Суреттер сөйлейдi

ТҮНГІ ҚЫЗЫЛОРДА
01 қараша 2017 ж. 14 421 0
  • Акимата Кызылординской области
  • Сайт президента
  • Нұрлы жол
  • Рухани Жаңғыру
  • Жаңғыру 30
  • Egov
  • Digital Kazakhstan
  • Нақты қадам