ЕЛ БІРЛІГІН САҚТАҒАН БҰДАБАЙ АҚЫН
Бүгін аудандық мәдениет үйінде Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында ақын Бұдабай Қабылұлының 175 жылдық мерейтойына арналған «Ел бірлігін сақтаған Бұдабай ақын» атты облыстық жазба ақындар мүшайрасы өтті.
Аудан әкімі Әшім Оразбекұлы ізгілік пен әділдікті, ел бірлігі мен оның болашағын талмай жырлап, ауызекі суырып салып айту мен жазып шығару үрдісін қатар ұстанған Бұдабай ақынның шығармашылығын ұрпаққа насихаттау мақсатында ұйымдастырылып жатқан мүшайраға қатысушы ақындарға сәттілік тіледі. Мүшайра екі кезеңнен бірінші кезеңде ақындардың Бұдабай Қабылұлына арнау өлеңі, екінші кезеңде «Тәуелсіздікке тарту» тақырыпта өздерінің шығарған бір өлеңдерін оқыды. Сайысқа Қызылорда қаласы мен Арал, Жалағаш, Жаңақорған, Қазалы, Қармақшы аудандарынан 10 ақын қатысып, бақтарын сынады. Жазба ақындарды Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері, Шиелі ауданының «Құрметті азаматы» Өркен Исмаил, «Сыр бойы» газетінің Шиелі - Жаңақорған аудандарындағы меншікті тілшісі Нұрмахан Елтай, №47 мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Қилыбаева Райхан бастаған әділ қазылар алқасы бағалады. Мүшәйра нәтижесінде Бас жүлдені ауданымыздың белгілі ақыны Ержігіт Бекжан, І орынды Жалағаш ауданынан Жасұлан Серік, ІІ орынды Қазалы ауданынан Түменбай Ақжол, ІІІ орынды қызылордалық Баймахан Нұрдаулет пен аралдық Бекұзақұлы Ұлықбек иемденді, сонымен қатар мүшайраға қатысқан ақындарға аудан әкімінің дипломы, алғыс хаттары және де сыйлықтар табысталды.