ЖАҢА ЖЫЛДЫҚ ШЫРША ШАТТЫҒЫ
Кеше Қызылордадағы «Sultan Plaza» қонақ үйінің мейрамханасында Қазақстан Республикасы Президентінің «Асқақ ордам – Астана!» тақырыбында жаңа жылдық шыршасы өтті. Бұл шараға облыс әкімі Қырымбек Көшербаев қатысты.
Салтанатты шырша думанына облыс бойынша 9-13 жас аралығындағы 200 бүлдіршін келді. Олардың қатарында ата-ана қамқорлығынсыз қалған өрендер, аз қамтамасыз етілген және көп балалы отбасындағы жеткіншектер, «Атамекен» балалар ауылының тәрбиеленушілері және оқуда, спортта, қоғамдық өмірде жетістікке жеткен дарынды ұландар бар.
Мерекелік бағдарлама аясында мектеп оқушыларының техникалық шығармашылық көрмесі, ертегі әлеміндегі кейіпкерлердің қатысуымен шоу-қойылымдар, жаңа жылдық сыйлықтар ұйымдастырылды. Шара барысында LED экран арқылы Елбасының құттықтауы көрсетілді.
Жаңа жылдық шыршада жас өрендер келер жылы өтетін Астананың 20 жылдығына орай идеялар көрінісін айшықтады. Әндер айтып, би билеп, өз өнерлерін көрсетті.
Аталмыш шара барысында облыс әкімі бүлдіршіндерді құттықтады.
– Құрметті жас достар! Сендерді жаңа жылдарыңмен құттықтаймын! Бүгін еліміздің барлық өңірінде Елбасы атынан балаларға арналған жаңа жылдық шырша өтуде. Өздерің секілді жеткіншектер армандарының орындалуын үлкен үмітпен күтеді. Сіздер таңғажайып кезеңде өмір сүресіздер. Ғасырлар бойы орындалмас арман болып келген азат елде көптеген ғажаптар бүгінде шындыққа айналды. Өздеріңнің жетістіктерің, халықаралық олимпиада, шығармашылық және спорттық байқаулардағы зор табыстарың қуантады. Болашақта әрқайсысың еліміздің мақтанышы болатындарыңа сенемін, – деді облыс әкімі.
Шырша салтанатына келген әрбір балаға Елбасы атынан ноутбук пен тәттілер тарту етті. Бүлдіршіндер қызықты қойылымдарды тамашалады.
Жас өрендер дәстүрге сай Жаңа жылдың ең құрметті қонағы Аяз ата мен Ақша қарды қошеметпен қарсы алды. Жүздері шаттыққа толы ұл-қыздар осылайша бар өнерлерін ортаға салып, зор қошеметке бөленді.
Жарасхан ҚУАНЫШБАЙҰЛЫ.