ҚЫЗЫЛОРДА ҚАЛАСЫ ӘКІМІНІҢ ЖАҢА ЖЫЛДЫҚ ҚҰТТЫҚТАУЫ
Сіздерді, Жаңа жыл мерекесімен шын жүректен құттықтаймын!
Енді санаулы күндерден кейін тәуелсіз елімізге толайым табыстар сыйлаған ескі жылды шығарып салып, жаңа - 2018 жылды қарсы аламыз.
Жаңа жыл - өткен жылға көз жүгіртіп, жаңа бастамалар мен ізденістерге тың қадам жасайтын, жақсылыққа ұмтылып, жаңаша ойлауға жол сілтейтін, қуанышқа толы ғажайып мереке.
Өтіп бара жатқан жыл еліміз үшін және біздің өңіріміз үшін де тарихи және саяси оқиғаларға толы, табысты жыл болды.
Елімізде Мемлекет басшысының кемеңгер саясатының арқасында жүзеге асырылып жатқан мемлекеттік реформалардың және аймақ басшысының қолдауының негізінде, қаламыздың әлеуметтік-экономикалық маңызды мәселелері кезең-кезеңімен шешіліп, халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартуда біршама жұмыстар атқарылды.
Қаланың инженерлік, коммуналдық инфрақұрылымын дамытуда, жол сапасын жақсартуда кешенді шаралар қабылданып, қала қарқынды құрылыс алаңына айналды.
Көп қабатты тұрғын үйлер, әлеуметтік нысандар салынып, халық игілігіне берілді.
Сыр еліне сапары кезінде қаламызда атқаралып жатқан тың жобалар мен жаңашыл бастамаларымызға Елбасының өзі оң бағасын берді.
Әрбір атқарылған істің артында бірліктің бесігін тербеткен халықтың ақ-адал пейілі және елім деп еміренген мыңдаған азаматтың еңбегі жатыр.
Өткен жыл қаламыз үшін ойда қалар оқиғаларымен, есте ұстар ерекшеліктерімен де қымбат.
Қымбатты жерлестер!
Халқымызда "Өткен жылға өкпе жоқ, келер жылдан үміт көп" деген дана сөз бар. Біз қашан да өткенге салауат айтып, болашақтан жақсылық күткен халықтың ұрпағымыз.
Әр жаңа жыл табалдырығында жақсылық пен жағымды жаңалық күтеміз.
Жаңа 2018 жыл әр шаңыраққа құт-берекесімен еніп, қуаныш пен шаттыққа кенелткей.
Жаңа жыл баршаңызға құтты болсын!
2018 жыл бейбітшілік пен табыс жылы болғай!
Ізгі ниетпен,
Қызылорда қаласының әкімі
Н. Нәлібаев.