ҚАРМАҚШЫЛЫҚТАР ЖАҢА 2018 ЖЫЛДЫ ҚАРСЫ АЛДЫ
Күннің суығына қарамай орталық алаңда әсем безендіріліп орнатылған ауданның бас шыршасының жанына жиналған халықтың қарасы көп болды. Аудан өнерпаздары «Қош келдің - Жаңа жыл» атты мерекелік бағдарлама ұсынды. Аудан халқын құттықтау үшін сахна төріне көтерілген аудан әкімі Сұлтан Мақашов барша қармақшылықтарды табалдырықтан аттағалы тұрған ит жылымен шын жүректен құттықтап, өткен жылы ауданымызда атқарылған маңызды мәселелерге тоқтала келіп, елімізге бірлік пен татулық тіледі. Мейрамның көркін қыздырған Аяз ата мен Қарша қыз жиналған тұрғындарға ақ тілектерін арнап, өнер көрсеткендерге сыйлықтарын ұсынды. Көңілді кешке түрлі кейіпке еніп арнайы киініп келген адамдар да сыйлықтан құр алақан қалмады. Мереке соңы мерекелік отшашуға ұласты.