ЖАСТАРДЫҢ ӨНЕР БАЙҚАУЫ
Қызылорда қаласына қарасты Қызылжарма ауылындағы мәдениет үйінде «Тәуелсіздік деп соғады жүрегім» атты патриоттық әндер байқауы өткізілді. Аталған сайысты облыстық ішкі саясат басқармасының қолдауымен «Қызылжарма жастары» жастар қоғамдық бірлестігі ұйымдастырды. Бұл шара Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы аясында өрбіді.
Өнер додасы екі кезеңнен тұрды. Алғашқысы – Отан, Туған жер, Тәуелсіздік жылдарында туған әндерді орындау. Ал, екінші кезең – еркін тақырып. Байқауға 16-20, 21-27 аралығындағы жас өнерпаздар қатысты. Аталған сайыста белгілі композитор, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Рамазан Тайманов, әнші, ҚР Мәдениет қайраткері Үміт Медеуовалар қазылық етті.
Байқаудың қорытындысы бойынша 16-20 жас аралығында бақ сынаған үміткерлер ішінен М.Мәметова атындағы гуманитарлық колледжінің студенті Нартай Әбдіраш 1 орынды иеленді. Зағиптар қоғамы клубынан келген Өміртай Әкімжан екінші орынды қанжығаға байлады. Сондай-ақ, үшінші орынды Динара Ешниязова мен Мұхаметәлі Сартай алды. Ал, 21-27 жас аралығында өнер көрсеткен жастардың арасынан округ тұрғыны Жансұлу Ахметова жеңімпаз атанды. Сонымен қатар, Талсуат ауылдық клубынан қатысқан Олжас Қуандықов 1 орынды иеленді.
Шара соңында байқауға қатысқан барлық өнерпаздарға алғыс хаттар табысталып, бағалы сыйлықтар берілді.
Ақмарал ҚАДЫРХАНҚЫЗЫ.