ХОККЕЙ: «БАРЫСТЫҢ» БАС БАПКЕРІ ОТСТАВКАҒА ЖІБЕРІЛДІ
Астаналық «Барыс» хоккей клубының бас бапкері Евгений Корешков отставкаға жіберілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат хоккей клубының ресми сайтына сілтеме жасап.
«Барыс» хоккей клубының 2017-2018 маусымның Құрлықтық хоккей лигасындағы төмен спорттық көрсеткіштерін ескере отырып, Қамқоршылық кеңес мынадай шешім қабылдады. 1. «Барыс» ХК бас бапкері Е.Г. Корешков лауазымынан босатылсын. 2. «Барыс» ХК бас бапкері міндетін атқарушы қызметіне аға бапкер Мәмбетәлиев Г.Б. тағайындалсын», - деп хабарланды хоккей клубының ресми сайтында.
Еске сала кетсек, 29 желтоқсан күні Құрлықтық хоккей лигасының (ҚХЛ) кезекті ойынында Астананың «Барысы» өз айдынында «Сочи» командасын қабылдап, 2:3 есебімен ұтылып қалған еді. 6 қазан күні Сочиде өткен ойында да «Барыс» 1:3 есебімен сүрінген болатын. 63 ұпайы бар астаналықтар Шығыс конференциясында оныншы орында келеді. Ал плей-офф бәсекесіне жолдама алу үшін кемінде сегізінші сатыға көтерілу керек. Бұл міндетті орындау күннен-күнге қиындап бара жатыр.
Айта кетейік, елордалықтар 3 қаңтар күні өз айдынында Шығыс конференциясында көш соңында келе жатқан «Югра» (Ханты-Мансийск) командасын қабылдайды. Содан кейін Хабаровскіге сапар шегіп, 9 қаңтарда плей-офқа шығу жолындағы негізгі қарсыластарының бірі «Амурмен» айқасады.