КӘСІПКЕРЛІК САЛАСЫНДАҒЫ ӘРІПТЕСТІК МЕМОРАНДУМ
Аймақта жеке кәсібін ашқысы келетін қыз-келіншектер үшін жаңа мүмкіндік туды. Ендігі кезекте олар бұл бағытта тек біліктілігін арттырып қана қоймай, нәтижелі көрсеткіштерге қол жеткізе алады. Осы мақсатта облыстық кәсіпкерлік палатасы жанындағы іскер әйелдер кеңесінің төрайымы Ж.Аманова мен «Бизнес-Молодость Казахстан» қауымдастығының бас директоры Л.Пучкова әріптестік жөніндегі меморандумға қол қойды.
Қазіргі таңда нәзік жандылар кәсіпкерлік салаға ерекше бетбұрыс жасап келеді. Десек те, көпшілігі бұл бағыттағы идеяларын жүзеге асыру жолын біле бермейді. Осы орайда «Бизнес-Молодость Казахстан» қауымдастығы өз ісін жүргізуге ниетті жандарға барынша қолдау көрсетеді. Оларды азаматтарға кәсіп ашуға қол ұшын созатын негізгі ұйым деуге негіз бар. Жуырда олар жаңадан іс бастаушыларға арналған семинар-тренинг өткізген еді. Оған 150-ден аса азамат қатысты. Олардың арасынан 20 шақты азамат арнайы курстардан өтуге мүмкіндік алды. Курсқа қатысушылар кәсіп ашудың заманауи әдісімен танысып, оны жүргізу барысын үйренеді.
Меморандум аясында жеке ісін жүргізуге ниеттілер курсқа қатысу арқылы білікті мамандардан дәріс алады. Бұл ретте «Бизнес-Молодость Казахстан» қауымдастығының бас директоры саннан гөрі сапаға жұмыс жасайтындарын айтады. Бүгінде олардың курстарына қатысып, жоғары көрсеткіштерге қол жеткізгендердің саны басым. Ал, бұл шараларға жолдама алған азаматтар ақпан айынан онлайн режимдегі сабақты бастайды. Сондай-ақ, өзге қыз-келіншектердің де 19 қаңтарда өтетін кезекті курсқа тегін қатысуына болады.
Айдана СЕЙІЛ.