БӨГЕНДЕ АУЫЗ СУ ЖЙҮЕЛЕРІ ҚАЙТА ЖАҢҒАРТЫЛДЫ
Арал ауданының Бөген елді мекенінің ішкі су желілерін қайта жаңғырту және кеңейту жұмыстарының аяқталып, іске қосылуына орай салтанатты шара өтті.
Оған арнайы қатысқан аудан әкімі М.Оразбаев тұрғындарды қос қуанышпен құттықтап, «Айбынды Аралымыз ел егемендігін алған 26 жылдың ішінде көптеген табыстарға қол жеткізіп келеді. Оның барлығы Елбасының көреген саясатының арқасы. Сіздер үшін ауыз су мәселесі алдыңғы орында еді. Енді міне елді мекен тұрғындарын көптен бері толғандырған мәселе де өз шешімін тауып отыр. Оның барлығы - елімізде жүзеге асып жатқан мемлекеттік қолдаулардың шарапаты», - деп, мұндай іргелі істер алдыңғы жылдары жалғасатындығын тілге тиек етті. Өз кезегінде сөз кезегін алған ауыл ақсақалдары да күрмеуі қиын мәселенің шешімін тауып, ел игілігіне бағытталған жұмыстарға ризашылықтарын жеткізіп, ақ тілектерін жолдады.
Айта кету керек, құрылыс барысында елді мекенде 22 шақырым полиэтилен құбыры тартылып, 212 нысанға су есептегіш құрылғысы, 114 дана байқау құдығы мен 49 дана гидрант орнатылған.