АГРАРЛЫҚ САЛАДАҒЫ АЙШЫҚТЫ ІСТЕР
Биыл өңірдің ауыл шаруашылық саласында 61,3 млрд. теңгенің өнімі өндірілген. Ол өткен жылдың сәйкесті кезеңімен салыстырғанда 4,1 пайызға өскен. Сондай-ақ, аталмыш саланың дамуында басты қозғаушы күш – инвестиция көлемі де айтарлықтай артқан. Ағымдағы жылы оның нақты көлем индексі 77,1 пайызды құрады. Ал, тамақ өнімдерін өндірудегі негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 100 млн. теңгеден асқан. Сөйтіп, өткен жылдың салыстырмалы кезеңімен сәйкестендіргенде 32,1 пайызға ұлғайғандығы байқалған. Соңғы жылдары еліміздің аграрлық секторында мұндай өсу көрсеткішін мемлекеттік қолдаудың оң нәтижесі деп бағалауға толық негіз бар.– Биыл аймақ шеңберінде барлығы 181,1 мың гектарға ауыл шаруашылығы дақылдары орналастырылған. Олардың қатарында дәнді-дақылдар 97,5 мың, майлы дақылдар 6,8 мың, мал азықтық тұқымдар 60,1 мың, картоп, көкөніс және бақша дақылдары 16,6 мың гектар жерге егілген. Нәтижесінде 514,9 мың тонна астық жиналған. Ал, негізгі дақыл – күріштің әр гектарынан 55,3 центнерден өнім алынды. Ол былтырғыға қарағанда 62,8 мың тоннаға артық. Әртараптандыру бағытындағы мақсары дақылынан да жоғары өнім қоймаға түсті. Ал, жиналған бақша дақылдарының көлемі 152786 тоннаны құрайды, – деді облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Бахыт Жаханов өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында. Ағымдағы жылы «ҚазАгроҚаржы» АҚ арқылы облыс бойынша тауарөндірушілер 80-нен аса ауыл шаруашылығы техникасын алды. Ол өз кезегінде егін егу науқанын агротехникалық талаптарға сәйкес жүргізуге, өнімдерді ысырапсыз жинауға мүмкіндік берді. Агроөнеркәсіп тауарларын экспортқа шығару да қолға алынып келеді. Бұл бағытта жасалып жатқан жұмыстар бүгінде өз нәтижесін беруде. Мәселен, ауыл шаруашылығы министрлігі бекіткен ет шығарудың индикативтік жоспарына сәйкес биыл 100 тонна сиыр еті мен 25 тонна қой етін шығару көзделіп отыр. Осы бағытта Иран Ислам Республикасы компаниясымен жасалған келісімшарт негізінде тамыз айында «Күшімбаев Агро» ауыл шаруашылығы кооперативі 812 бас қозыны тірілей экспортқа шығарды. Ал, Жаңақорған ауданы 1132 бас қозыны Біріккен Араб Әмірлігіне экспорттады, – дейді басқарма басшысы.Оның айтуынша, сыртқы сауда көлемін арттыру мақсатында көкөніс, бақша өнімдерін де экспорттау шаралары жолға қойылуда. Осыған орай алдағы уақытта 2000 тоннаға жуық көкөніс өнімдері сыртқа шығарылмақ. Оның бастамасы ретінде биыл көршілес Ресейде жоғары сұранысқа ие қауын сорттары мен гибридтері егіліп, жіберілген. Айта кетейік, аймақта жеке қосалқы шаруашылықтардың бірігуімен 43 ауыл шаруашылық өндірістік кооперативі құрылған. Нәтижесінде 800-ге таяу тұрғын жеке кәсіпкер ретінде тіркеліп, жаңа жұмыс көздерінің ашылуына түрткі болып отыр. Соңғы уақытта халыққа сапалы қызмет түрін ұсынып жүрген мал бордақылау алаңдары, сүт фермалары мен өзге де әлеуметтік нысандар соның дәлелі. Агроөнеркәсіптің негізгі саласы – мал шаруашылығында да қолға алынған ілкімді істер баршылық. Басқарма басшысының айтуынша, «Алтын асық», «Құлан» бағдарламалары жүйелі түрде жүзеге асуда. Мәселен, бүгінгі күндері өңірде 290 мыңнан аса мүйізді ірі қара, 700 мыңға жуық қой мен ешкі, 120 мыңдай жылқы, 44 мыңға таяу түйе өсірілуде. Сондай-ақ, құс өсіру шаруашылығының да нәтижесі жаман емес. Биыл «Алтын асық» бағдарламасы шеңберінде 1000 бас қой мен 40 шақты қошқар алу көзделіп, барлығы 1633 бас қой сатып алынған. Ал, «Құлан» бағдарламасы аясында биелер мен айғырлар сатып алу межеленіп, ол жоспар өз кезегінде толықтай орындалған. Ал, облыстың агроөнеркәсіп кешенін дамыту мақсатында 2017-2020 жылдар аралығында барлығы 99 жобаны жүзеге асыру жоспарланған. Аталмыш жоба шеңберінде Шиелі ауданы «Мөлдір және К» жеке кәсіпкерлігі жылына қуаттылығы 3,5 млн. дана жұмыртқа шығаратын құс фермасын іске қосты. Жыл соңына дейін бұл көрсеткішті кеңейту шараларын қолға алу межеленіп отыр. Сондай-ақ, мұнда шұбат өңдеу цехы өз жұмысын бастады. Аталмыш нысан базасында «Төрт түлік» кәсіпкерлігі құрылды. Ол бүгінде тәулігіне 1 тонна шұбат өнімдерін өндіру қарқынына ие. Сондай-ақ, Б.Жаханов өз сөзінде аталған 99 жоба аясында алдағы уақытта қалада жылыжай кешені ашылатынын жеткізді. Бүгінде «КазАгроМир» ЖШС қаржыландырумен көлемі 2,2 гектар аумақты құрайтын кешенді жылыжай құрылысы ел игілігіне пайдалануға берілмек. Дәл осы бағытта нысанның құрылысы Жаңақорған ауданында да жүріп жатыр.Қызылордалық диқандар биыл да ақ күріштен рекордтық өнім жинап, елдің ырзық-несібесін молайтты. Дала еңбеккерлері үшін дәстүрлі түрде тойланатын алтын күзге толайым табыспен жеткен өңір егіншілері мен аталмыш саланың білгір мамандары тоқшылық мерекесінде сый-құрметке бөленіп, марапат биігінен көрінді.
Бағлан ТІЛЕУБЕРГЕНОВА,
Суретті түсірген: Нұрболат НҰРЖАУБАЙ.