ЖАЛАҒАШТА ӘКІМДЕРДІҢ ЕСЕП БЕРУІ БАСТАЛДЫ
Аудан әкімі Қ.Сәрсенбаев пен М.Шәменов ауылдық округінің әкімі А.Шадаев, М.Шәменов ауылдық округінің учаскелік полиция инспекторы А.Асылбекұлы ауыл тұрғындары алдында атқарылған жұмыстар бойынша есеп берді.
1000-нан астам халқы бар М.Шәменов ауылында экономикалық белсенді халық саны - 626-ны құраса, оның 432-сі жұмыспен қамтылған. Ал 147-сі өзін-өзі жұмыспен қамтығандар.
Ауыл экономикасының негізгі саласы мал шаруашылығы болғандықтан төрт түлік малдың басын көбейту және асылдандыру жұмыстарына аса көңіл бөлініп келеді.
Отбасылық кәсіпті дамыту мақсатында ауыл тұрғыны А.Қалжанов 1 млн теңге несие алып, ірі қара мал сатып алып, мал басын көбейту жұмыстарын жүргізуде. Ал, «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасы» аясында шаштараз ашу мақсатында ауыл тұрғыны И.Жорабек 1 млн теңге грант иегері атанып, өз жұмысын бастады.
Ауыл орталығында жаңа типтегі ауылдық дәрігерлік емхана, типтік жобада салынған М.Шәменов ауылдық мәдениет үйі, пошта бөлімшесі, №34 орта мектеп, №18 «Бөбек» бөбекжайы, ауылдық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі жұмыстарын жүйелі түрде жүргізуде. №34 орта мектеп ғимаратын жаңадан салу үшін жобалық-сметалық құжаттамаға өзгерістер енгізіліп, М.Шәменов ауылындағы мәдениет үйіне күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін жұмыстар атқарылуда.
2017 жылға «Өңірлерді дамыту 2020» бағдарламасы аясында ауыз су жүйесін қайта жаңғырту жұмыстарына бөлінген қаржы көлеміне 11 шақырымға ауыз су жүйесі тартылып, 197 үйдің ауласына ауыз су кіргізілді. Бұл жоба биылғы жылы да жалғасын табады.
Кездесуге Арал-Сырдария бассейндік инспекциясының басшысы Ә.Қарлыханов және бірқатар аудандық мекеме, бөлім басшылары, ауыл тұрғындары қатысты.
Кездесу барысында сұрақтар қойылып, ұсыныс-пікірлер тыңдалды.