ХАЛЫҚ ҚАЛАУЛЫЛАРЫ ЕЛМЕН ЖҮЗДЕСТІ

Жиынға ҚР Мәжілісінің депутаттары Бақтықожа Ізмұхамбетов, Абай Тасболатов, Мұхтар Ерман, Абзал Ералиев және Геннадий Шиповских қатысты. Баспасөз мәслихатында аймақтың дамуы жайлы сөз етілді.
– Көңіл қуантарлығы, «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» халықаралық магистралінің 800 шақырымы осы өңірде орналасқан. Елбасы қолдауымен салынған күре жолдың бүгінде аймақтың маңызды нысанына айғалғанын аңғардық. Бірқатар әлеуметтік жобалар жүзеге асуда. Сондай-ақ, облыста құрылыс қарқынды жүріп келеді. Соңғы бес жылда құрылыс көлемі 3,5 есеге өсіп, облыс орталығында 12 шағын аудан бой көтеріп, 7 мыңнан астам тұрғын баспанаға ие болған екен. Бұл дегеніміз – үлкен жетістік. Өңірде аграрлық саланы дамытуға ерекше назар аударылғаны байқалады. Өткен жылы Сыр диқандары егін науқанын жоғары табыспен аяқтаған. Бұрынғы және қазіргі Қызылорданың арасында жер мен көктей айырмашылық бар. Елбасы тапсырмасына сай көптеген игіліктер жүзеге асырылды. Бұл – еліміздегі тұрақтылықтың арқасында жүзеге асып жатқан дүние, – деді ҚР Мәжілісінің депутаты Бақтықожа Ізмұхамбетов.
Депутаттар Сыр өңірін өркендету мақсатында атқарылып жатқан жұмыстармен танысқандарын айтып, аймағымыздың өрлеу үстінде екенін жеткізді. Сонымен қатар халық қалаулылары Елбасының Жолдауына пікірлерін жеткізді
Брифинг барысында депутаттар журналистер қойған бірқатар сұрақтарға жауап берді. Жиынды «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ибадулла Құттықожаев қорытындылады.
Жарасхан ҚУАНЫШБАЙҰЛЫ.