ЖАРҚЫН ІСТЕР ЖАЛҒАСТЫҒЫ
Сыр өңіріндегі серпінді істер айқын көрініс беріп отыр. Бұл – аймақ ажарын аша түскен ауқымды шаралардың оң нәтижесі. Жүйелі жұмыс, тиянақты тірлік ілкімді істі ілгері бастайды. Мұндай игіліктер ел дамуына өз әсерін тигізеді. Рас, қайсыбір кезеңде облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуы көштің соңында қалып жүрді. Оған бой үйретіп кеткендей едік. Солай болуы қалыпты жағдай секілді көрінетін. Дегенмен, әрбір істі үйлестіре білсе, ойлағаның орындала түсетіні айдан анық. Оны қазіргі күнгі облыстың даму көрсеткішіне көз сала отырып, аңғару қиын емес. Бүгінгі таңда облыстың экономикалық әлеуеті жақсарып, инвестициялық жағдайы арта түсті. Аграрлық салада да ауқымды істер атқарылып, елдегілер де еңсе тіктеп отыр. Ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспорты өсті. Мал және егін өнімдерін шетелдерге шығаратын деңгейге жеттік. Сырдың су айдындарынан ауланған балық өнімдері де өзге жұрттың сұранысына сай дүниеге айнала бастады. Білім және денсаулық салаларында да айтарлықтай істер бар. Мұндай оңды өзгерістер мәдениет, спортта да көрініс беріп отыр.
Қашаннан да Сыр өңірі Мемлекет басшысының үлкен қамқорлығын сезініп келеді. Елбасы қолдауымен көптеген игілікті жұмыстарға жол ашылды. Оған қоса облыс басшылығының да белсенді іс-қимылының нәтижесінде көптеген ілкімді істерге мүмкіндік туды. Бес жыл бұрын облыс әкімі қызметіне келген Қырымбек Көшербаевтың іскерлік қасиетінің арқасында өзге өңір тұрғындары қызыға қарайтын жаңашыл жобалар, байыпты бастамалар қолға алынды. Халық алдындағы есеп беруде тұрғындар ұсыныс-тілегі ескеріліп, шешімін тауып келеді. Біз осындай жарқын істер жалғастығын назарға алдық.
Қызылорда қаласында құрылысы жүргізіліп жатқан шыны зауыты – аймақ өмірі үшін маңызды нысанның бірі. Әзірге мұндай зауыт тек Жапония мен Қытайда бар. Кәсіпорын құрылысын аспан асты еліндегі шыны өндірісінің көшін бастап тұрған «China Triumph International» компаниясы жүргізіп жатыр. Келешекте бұл орынның өндірістік қуаты жылына 197 мың тонна жалпақ шыны өндіруге жетеді деп күтілуде. Бұл өнім ішкі нарыққа және Ресей, Өзбекстан және Түркияға жеткізіледі. Отандық мамандар осылайша шыны индустриясы бойынша озық елдегі әріптестерінен біраз дүниені үйрене алады. Шыны зауыты жұмысын бастағаннан кейін мұнда «Apple», «LG», «Nokia» сынды ірі компаниялардың өнімдері – планшет, смартфон және өзге де гаджеттерге арналған ультражіңішке шынылар өндіріледі. Одан бөлек, зауытта микроскоп, дүрбілерге де арнап өнімдер шығару қолға алынбақ.
Қазіргі күндері британдық инвесторлармен бірлесіп, «Баласауысқандық» ванадий кен орнында қара тақта тасты автоклавта өңдейтін жоба жүзеге асырылуда. Сала мамандарының айтуынша, 110 тонна аммоний метаванадатына Тайвань сұраныс танытып отыр. Бұдан бөлек, қазір Қызылордада ферроқорытпа зауытын салу жобасын іске асыру мәселесіне назар аударылды. Сондай-ақ, түркиялық компаниямен бірлесіп, керамикалық тақта және керамогранит шығаратын зауыт пен газ поршеньді стансасы жобалары қолға алынады. Сондай-ақ, «Шалқия» қорғасын-мырыш кен орнында тау-кен байыту комбинаты мен газтурбиналық электрстансасының құрылысы басталды. 2019 жылдан бастап тау-кен байыту комбинаты 2 млн. тонна, ал 2020 жылға қарай 4 млн. тонна кен өңдейтін болады. Комбинаттың іске қосылуы 1500 жаңа жұмыс орнының ашылуына мүмкіндік береді.
Қызылорда қаласы тұсындағы дарияның сол жағалауын игеру мәселесі біраз жылдан бері көтеріліп келеді. Әлемнің және өз еліміздің өзен бойында орын тепкен кейбір шаһарларына көз салып қарасаңыз, екі жағалауында да сәнді, сәулетті, көрікті ғимараттар бой көтерген. Алайда, бұл мәселе бізде түрлі жағдайларға байланысты кейінге ысырылып қала берді. Расын айту керек, бұл – қомақты қаржыны талап ететін жоба. Оған қажетті инвестицияны тарту кейінге қалып қойып жатты. Оңды істің орайы келді. Өткен жылы сол аймақта алғашқы ғимараттардың іргетасы қаланды. Жоспарға сәйкес мұнда қаланың жаңа әкімшілік орталығын қалыптастыру қарастырылған. Аумағы 1532 гектарды құрайтын аталмыш орында келешекте 3 млн. шаршы метрді құрайтын тұрғын үй кешені орналасады. Бұл 2025 жылға дейін 50 мыңнан астам адамды баспанамен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Жоба аясында 16 мектеп, 12 балабақша және 4 денсаулық сақтау мекемесі, 15 мың көрерменге арналған стадион және тағы басқа нысандардың құрылыстарын жүргізу жоспарланып отыр. Айта кетейік, мұнда 5, 9 және 12 қабатты құрайтын тұрғын үй кешендері бой көтереді. Бұл аумақтағы ғимараттар архитектураның шығыстық мәнерінде салынады деп жоспарланып отыр.
Аймақ өмірінде күріш шаруашылығының айтарлықтай орны бар. Диқандар қауымы соңғы кезеңде толағай табыстарға кенеліп отыр. Өткен жылы жергілікті еңбекшілер күріштен мол өнімге негіз қалап, рекордтық көрсеткішке қол жеткізді. Сондай-ақ, өңірде ауыл шаруашылығы өнімдерін экспортқа шығару мәселесі жолға қойылды. Қазіргі таңда біздің күрішке қызығушылық танытып отырған мемлекеттер қатарында Қытай, Түркия және Иран елдері бар. Соның нәтижесінде 15 мың тоннаға жуық күріш экспортқа шығады деп күтілуде. Бұл орайда арнайы келісімдер жасалып, оған қатысты тиісті іс-шаралар жасалуда. Бұрын бізде бақша өнімдеріне өз деңгейінде мән берілмей келді. Ұзақ жылдар бойы назардан тыс қалды. Тиісті қолдаудың нәтижесінде кейінгі жылдарда мол өнімге негіз қаланып, оның экспорты да жолға қойылып келеді. Қолдағы дерек көздеріне сүйенсек, қауын-қарбызды шетелге шығару көлемі бұрынғыдан 8 есеге артты. Яғни, 2016 жылы 700 тонна бақша дақылдары экспортталса, былтыр бұл көрсеткіш 5,5 мың тоннаға жетті. Біздің өңірде бұрыннан төрт түлікті түлету ісіне ерекше назар аударылып келе жатқаны белгілі. Дегенмен, одан дайындалатын өнімдер шетелдерге шыға бермейтін. Былтыр осы бағытта игілікті істер атқарылды. Қолдағы уақ малдың алғашқы партиясы Иранға жіберілді. Бұл мемлекетке біз 10 мың басқа дейін қой экспортттауға мүмкіндік алдық. Алдағы уақытта Сыр өңірінен ет және ет өнімдерін сыртқа шығару көзделуде. Бұл жұмыстарды одан әрі арттыру үшін облыста 2 ет комбинатының құрылысы жүргізіледі деп күтілуде. Сондай-ақ, Қармақшы ауданында құс фабрикасы салынып, онда жылына 1500 тонна тауық етін шығара алатын кәсіпорын іске қосылады деп жоспарланып отыр.
Былтыр облыстың білім саласында табысты жыл болды. Мектеп бітірген 6000-ға жуық түлектің 97 пайызы жоғары және орта арнаулы оқу орындарына түскен. Сыр өңірінде жастарға үлкен қамқорлық жасау ісі дұрыс жолға қойылған. Өңірде қандай мамандықтар зор сұранысқа ие болып отыр? Соған сай қосымша мүмкіндік қарастырылған. Облыс жастары Ресейдің жетекші жоғары оқу орындарында Ресей Үкіметінің гранты есебінен білім алуға қол жеткізді. Қазір қызылордалық түлектер техникалық мамандықтар бойынша тәлім алып жүр. Келекшекте олардың қатарынан аймақ үшін қажетті IT-мамандар, металлургтер, технологтар, химиктер шығады деп күтілуде. Бұл орайда облыс әкімі Қырымбек Елеуұлының еңбегі зор. Өйткені, соңғы бес жыл ішінде осы бағытта нәтижелі істер атқарылуда. Осының нәтижесінде Ресейдің жетекші техникалық жоғары оқу орындарында 452 түлегіміз грант негізінде білім алуда. Олардың алғашқы легі биыл елге оралады.
Келешекте Сыр өңірінде «Майкрософт академиясы» және инновациялық инжиниринг орталығы тұсауын кеседі деп күтіліп отыр. Өткен жылдың сәуір айында Қызылорда облысы республикада бірінші болып Microsoft компаниясымен ынтымақтастық жөніндегі меморандумға қол қойды. Осы мақсатта Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің базасында Microsoft академиясын құру туралы келісімге келген. Онда бірлескен ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-эксперименттік жұмыстар жүргізіледі.
Сондай-ақ, соңғы бес жылда Қызылорда қаласында жол мәселесі өз шешімін тауып келеді. Осының нәтижесінде 450 шақырымнан астам жолдарымыз күрделі, орташа жөндеуден және қайта жаңғыртудан өтті. Сонымен қатар, ұзындығы 115,2 шақырымды құрайтын 38 көшеге жаяу жүргіншілер жолдары салынды. Ұзындығы 142 шақырымдық 94 көшеге жарық бағаналары орнатылды. Оған қоса 72 көпқабатты тұрғын үйлердің аулаішілік жолдары мен автотұрақтары жөнделді.
Мұндай игілікті істерді толықтай айтып шығу мүмкін емес. Олардың саны жетіп артылады. Бұл – осы мақсатта атқарылған белсенді іс-қимыл, жауапкершілік, тиянақтылықтың оң нәтижесі. Қазақта «Еңбек – таразы, халық – қазы» деген тәмсіл бар. Әрбір іс елдің назарынан тыс қалмайды. Сыр өңірінде жасалған жұмыстар халықтың көз алдында жүзеге асты. Жергілікті жұртшылық сол игілікті істерге зор қолдау білдіріп, өңірдің жарқын болашағына үлкен сенім артып отыр.
Әділжан ҮМБЕТ.
Суретті түсірген: Н.Нұржаубай.