ДАРИЯ ЖАҒАСЫНДА БІР ҚАЛА БАР
Сыр өңірі тәуелсіздік жылдарынан бері дамудың даңғыл жолына түсті. Азаттықтың ақ таңының арқасында көсегеміз көгеріп, керегеміз кеңейді. Бұл жетістік жолында қаншама тер төгілді. Шырайлы шаһардың бүгінгі келбетінен сол еткен еңбектің толағай табысы мен жарқын жемісін айқын көруге болады. Соңғы жылдары Ақмешіт ажары артып, ғажайып шаһарға айналды. Экономикалық қуаттылығы да айтарлықтай нығайып, әлеуметтік ахуалы жақсарды. Бұл тұрғыда ауқымды да маңызды жобалар мен тың бастамалар жүзеге асырылуда. Бастысы, қала дамыды, өсіп-өркендеді, қанатын кеңге жайды. Барлық салалардың әлеуеті артып, өсім ұлғайды. Бұл – Елбасының сарабдал саясатының арқасында жүзеге асып жатқан нақты істердің жемісі.
Жарқын жоба – жаңа мүмкіндік
Елбасының Сыр өңіріне деген қамқорлығы ерекше. Аймақтың әрбір саласына қолдау білдіріп, экономикасын оңтайландыруда, жарқын жобаларды қолға алуда қамқорлық танытып отыр. Облыста құрылысы жүріп жатқан шыны зауыты – Ұлт Көшбасшысының тікелей ықпалымен қолға алынған жобаның бірі. Қуаты жылына 197 мың тонна өнім шығаруға жететін өндіріс орны 2015-2019 жылдарға арналған мемлекеттік индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы шеңберінде жүзеге асуда. Жұмыс «Orda Glass LTD» ЖШС негізінде жүзеге асырылуда. Жоба құны – 36,7 млрд. теңге. Қазан айының ортасында Қызылордаға іссапармен келген Мемлекет басшысы шыны зауыты жайында: «Қызылордада бұрын-соңды мұндай жоба болған емес. Шыны шығару – индустрияның алдыңғы қатарлы өндірісі. Зауыт іске қосылған жағдайда бұл жерде бір ғана облыстың емес, бүкіл Қазақстанның сұранысына жауап беретін көлемде өнім өндіріледі» деген еді. Расында, нысан әлемдік нарыққа өз өнімін ұсынатын аймақтағы бірден-бір ауқымы кең зауытқа айналмақ. Ал, оның экспорттағы басты бағыттары – Ресей Фе¬дерациясының Сібір өңірі, Орталық Азия, оның ішінде Өзбекстан, Қырғызстан, Түркіменстан, Тәжікстан мемлекеттерімен қатар, Ауғанстан және Үндістан да болмақ. Алдағы жылдың шілде айында іске қосу жоспарланып отырған кәсіпорынға қазір АҚШ, Финляндия, Қытай елдерінен қажетті құрал-жабдықтар тасымалдануда. Онда озық технологиялар қолданылды. Отандық мамандар қытайлық әріптестерімен бірге алдағы уақытта күн батареялары, смартфондар мен планшеттерге арнап өте нәзік шыны өнімін шығаруды көздеп отыр.Ал, келер жылы Сыр өңірінде үш тотықты молибден шығаратын кәсіпорын ашылады деп күтілуде. Ондағы өнім экспортының негізгі көлемі Жапонияның үлесіне тиеді. Сондай-ақ, өңірде мұнай-газ және уран өндіруде кеңінен қолданылатын тампонажды цемент зауыты да ел игілігіне айналады. Айта кетейік, бұл кәсіпорындардың барлығы да өндірістік әлеуеті жоғары әрі мүмкіндігі орасан зор заманауи техникалық құрылғылармен қамтамасыз етіледі. Сондай-ақ, британдық инвесторлармен бірлесіп, «Баласауысқандық» ванадий кен орнында қара тақта тасты автоклавта өңдейтін жобасын іске қосу да жоспарға енген. Қазір 110 тонна аммоний метаванадаты Тайваньға сыртқы саудаға шығарылуда. Мұнан өзге қалада ферроқорытпа зауытын салу көзделіп отыр. «Шалқия» қорғасын-мырыш кен орнында тау-кен байыту комбинаты мен газтурбиналық электростанциясының құрылысы басталды. Алдағы 2019 жылдан бастап тау-кен байыту комбинаты 2 млн. тонна, 2020 жылға қарай 4 млн. тонна кен өңдейді деп күтілуде. Аталған кәсіпорын іске қосылғанда 1500-дей жаңа жұмыс орны ашылып, халыққа тұрақты еңбек көзі табылмақ. Осылайша аймағымыз индустриалдық-инновациялық қуаттылығы жоғары өңірге қадам басып келеді.
Сыртқы сауда – сенімді серіктес
Сыр өңірі еліміз үшін күріштің 90 пайызын өндіреді. Біздегі егілетін күріш көлемі республика халқын толықтай қамтамасыз етуге қауқарлы. Соңғы бірнеше жылда дала еңбеккерлері рекордты көрсеткіштерге қол жеткізіп, әр гектардан орташа есеппен 56 центнерден өнім жинады. Биыл облыс тарихында алғаш рет 500 мың тоннадан астам Сыр маржаны қамбаға құйылды. Аграрлық саланы дамытудың арқасында өнімдеріміз тек ішкі нарықты ғана қанағаттандырып қоймай, өзге елдерге де экспортталуда. Ауыл шаруашылығы өнімдерін сату нарығын кеңейту бойынша Қытай, Түркия және Иранға күріш жіберу бойынша келіссөздер жүргізілген. Ұзақ жылдан бері бақшалық дақылдар экспорты да қолға алынды. Үкімет қолдауымен облыстың буферлік аймақтан шығуы малды экспорттауға мүмкіндік берді. Мәселен, оның алғашқы партиясы Иранға жөнелтілді. Айта кету керек, соңғы жылдың өзінде ауыл шаруашылығы өнімінің экспорты 48, күріш экспорты 53 пайызға артқан.
Агроөнеркәсіп секторында өсімдік шаруашылығын әртараптандыру бағдарламасы нәтижелі жүзеге асырылуда. Соңғы 3 жылдың ішінде мал азықтық, майлы дақылдар және азықтық дән алқабы 6 мыңнан астам гектарға артқан. Енді 2020 жылға қарай ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемін 2,4, ал, оның экспортын 5 есеге көбейту жоспарланып отыр.
Жаңа қала – жасампаздық жемісі
Елбасының ерен еңбегінің арқасында әлемдік картада Еуропа мен Азияның өзіндік сәулеттік өнерімен ерекшеленген Астана бой көтерді. Қазір еліміздің әрбір өңірі оған қарап бой түзей бастады. Мұндай игі іс біздің облыста Сырдарияның сол жағалауынан бой көтеріп жатқан жаңа шаһар құрылысымен өз жалғасын тапты. Қазір онда жүріп жатқан еңбек ырғағына көз ілеспейді. Көлемі 1532 гектар аумақтағы бұл орында болашақта 15 аудан бой көтереді деп жоспарлануда. Онда тұрғындарға арналған 11 аудан, 1 индустриалдық аймақ, 3 ірі парк пен бульвар қарастырылып отыр. Ағымдағы жылы онда 5 қабатты 18 тұрғын үй мен 320 орындық балабақшаның іргетасы қаланды. Сондай-ақ, бұрынғы Қазақ Орталық Атқару комитеті ғимаратының сызбасы бойынша «Рухани жаңғыру» орталығының құрылысы жүргізілуде. 1925 жылы аталмыш комитет орын тепкен көне ғимаратта республикамыздың аты «Қазақ» деп алғаш рет ресми түрде тарихи шешім қабылданған еді. Сонымен қатар, мұнда «Болашақ» университетінің қалашығы бой көтереді. Бұдан өзге де түрлі бағыттағы әлеуметтік нысандар ел игілігіне пайлануға берілмек. Ал, аталған жобалардың барлығы жүзеге асқан жағдайда жаңа қала сол жағалаудың бірден-бір көрікті мекеніне айналмақ.
Бағлан ТІЛЕУБЕРГЕНОВА.
Суретті түсірген: Нұрболат НҰРЖАУБАЙ.