АҚШ-ТА ҚАЗАҚСТАН ӘДЕБИЕТІ МЕН МӘДЕНИЕТІ ОРТАЛЫҒЫ АШЫЛДЫ
«Болашаққа бағдар – рухани жаңғыру» бағдарламасының аясында шет елдің кітапханаларында «Қазақстан әдебиеті мен мәдениеті» орталығын ашу халықаралық жобасы Америка Құрама Штаттарында жүзеге асырылуда, деп хабарлайды Baq.kz ақпарат агенттігі.
Кітапхана Вашингтон қаласында орналасқан. Кітапхана қоры 156 млн-ды құрайды, жылына 1 800 000 оқырманды қабылдайды.
Қазақстан тарапынан кітапханаға қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаев туралы, оның шығармалары, қазақ ақындары мен проза жазушыларының Қазақстан жайындағы тарихи және ғылыми-әдеби кітаптар сыйға тартылды. Сөйтіп, қазақ əдеби шығарманы қабылдайтын жаңа орта пайда болды. Еліміздің БҰҰ-ға төрағалық етуі аясында қазақ кітаптары АҚШ елінің оқырмандарына өз кезегімен жол тартты.
Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаевтың «Тәуелсіздік дәуірі» атты жаңа басылымы таныстырылды. Аталмыш басылым тәуелсіздіктің 26 жылындағы ішкі және сыртқы сын-қатерлерге маңызды тарихи шешімдер қабылдау қағидаларын көрсете отырып, егеменді мемлекеттің құрылу кезеңінің сипаттамаларын көрсететін тарихи басылым болып табылады.
Сондай-ақ, елімізде ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрме, жаңа Астананың пайда болуы туралы кітаптар да бар. Бозоктан Астана қаласына дейінгі тарихы, Қазақстанның киелі жері мен архитектуралық ғажайыптары, мəдениеті мен ұлттық киімдері, салты, дəстүрі, спорт, білімі мен табиғаты жайындағы басылымдар қолжетімді болмақ. Сондай-ақ, қазақ ақындары мен жазушыларының мəселен, Абай, Шəкəрім, Жамбыл, Мұхтар Әуезов, Шоқан Уəлиханов, Сәбит Мұқанов, қазіргі авторлар Олжас Сүлейменов, Бақытжан Қанапьянов, Роза Мұқанова, Серік Тұрғынбекова және т.б. шығармаларын насихаттайтын кітаптар бар.
Жас ақын және жазушы Бекзат Смағұловтың америкалық жазушы және иллюстратор Руф Сандерсонның ертегілерінің аудармалары Қазақстан Республикасының Ұлттық академиялық кітапханасы ұсынған кітаптардың арасында ерекше орын алды. АҚШ-тағы Конгресс кітапханасының оқырмандарына автордың қазақ тіліндегі «Папа Гатто», «Сиқырлы орман» және «Алтын жылқы» ертегілерінің аудармалары берілді. Алдағы уақытта бұл қор қазақ басылымдарымен толықтырылатын болады.
Дəл осындай халықаралық жобаның бастамашысы ҚР Ұлттық академиялық кітапханасының директоры Үмітхан Мұңалбаеваның айтуынша, тек кітап халықтар мен континенттерді біріктіре алады.
Дереккөз: baq.kz