ҚЫЗЫЛОРДАЛЫҚ БЕССАЙЫСШЫЛАР ЖҮЛДЕЛІ ОРАЛДЫ
Алматы қаласында 2000 жылы туылған және одан төмен жастағы жасөспірімдер арасында қазіргі бассайыстан ҚР қысқы чемпионаты өтті. Жарысқа еліміздің 7 облысы және Қырғызстанның Бішкек қаласынан300-дей спортшы бақ сынасты. Осы сында жерлестеріміз жақсы өнер көрсетіп, 4 медальді иеленді.
Атап айтсақ, Алмара Жұбатқанова Қазақстан жеңімпазы атанды. Ол 50 метр қашықтыққа жүзуден және 800 метр қашықтыққа жүгіруден бірінші болып келді. Анастасия Горбачева, Кенесары Жаримбетов күміс жүлдеге ие болса, Анастасия Кочеткова қола жүлдені еншіледі.
Спортшылар №4 облыстық олимпиадалық резервтің мамандандырылған балалар-жасөспірімдер мектебінде тәлім алады. Жаттықтырушысы Бағдаулет Жолдасбековтың айтуынша, үстіміздегі жылдың маусым айында Ақмола облысы Бурабай ауданындақазіргі бессайыстан жасөспірімдер арасында Азия чемпионаты өтеді. Спортшылар оған дейінгі іріктеу жарыстарына қатысып, жолдама алуға дайындалады.