ЖАҢА ӨРТ СӨНДІРУ ДЕПОСЫ АШЫЛДЫ

Ашылу рәсіміне Қызылорда облысының әкімі Қ.Көшербаев, Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің мемлекеттік инспекторы Н.Тілешов, азаматтық қорғау органдарының ардагерлері және Арал тұрғындары қатысты.
«Жаңа өрт сөндіру депосы кешенінің ашылуы төтенше жағдайларды жоюда Қызылорда облысының өрт сөндіру бөлімшелері қызметінің жеделділігін, тиімділігін арттырады. Мемлекеттің басты басымдығы және Төтенше жағдайлар департаменті бөлімшелерінің негізгі міндеті ең алдымен аймақтың аумағында өрттен қорғау және сөндіру, сондай-ақ авариялық құтқару жұмыстарын қамтамасыз ету болып табылады. Жаңа мамандандырылған өрт сөндіру бөлімі қауіпсіздікпен ғана емес, сонымен қатар 100-ден астам қосымша жұмыс орындарын ұсынады», – деді Қ.Көшербаев өз сөзінде.

Мұнда 4 аймақ жасалынған: негізгі, өндірістік, тұрғын және оқу-спорттық. Мұнда өрт сөндірушілерге барлық қажетті тұрмыстық жағдайлар жасалған. Демалыс бөлмелері, психологиялық жеңілдену, жаттығу залы, асхана, душ кабиналары, кең кабинеттер, 119-орынға арналған мәжіліс залы, 30 адамға лайықталған оқу сыныбы бар. Өндірістік аймақ бақылау-өткізу бекетінен, автотұрақтан, екі су қоймасы бар авто жанармай құю стансасынан тұрады. Оқу-спорттық аймағында: оқу-жаттығу мұнарасы алаңы, 100 метрлік кедергі жолағы, баскетбол алаңы және шағын футбол алаңы орналасқан.
Негізгі ғимараттың 3 қабатында 40 адамға есептелген жатақхана қарастырылған. 4 қабатта қажетті үй жиһазбен 7 пәтер бар.

Экскурсия барысында азаматтық қорғау полковнигі О. Бержанов Арал ауданын өрттен қорғауды өрт сөндірушілер бұрынғыдай жалғастырады, жаңа ғимаратқа өрт сөндіру қызметінің 40 қызметкері көшкендігін атап өтті. Ол сондай-ақ өртке қарсы жабдықтардың ағымды жөндеу жұмыстарын жүргізетін техникалық қызмет көрсетуді көрсетті.
Қорытындысында қонақтар жаңа ғимараттың үй-жайлары өте үлкен, жарқын және жылы екендігін атап өтіп және өрт сөндіру бөлімінің қызметкерлеріне шыдамдылық, даналық, өз міндеттерін абыроймен ар-намыспен орындауды тіледі.