ҚЫЗЫЛОРДАДА ЕКІ ТҰРҒЫН ҮЙДЕ ГАЗДАН ЖАРЫЛЫС БОЛДЫ
Қызылордада көп пәтерлі екі үйде газ жарылды. Құтқарушыларға алғашқы хабарлама Тайманов көшесіндегі №1 үй тұрғындарынан түскен. Ондағы жарылыстың күшті болғаны соншалық төменгі қабаттағы пәтер балконының сау-тамтығы қалмаған.
Абырой болғанда, зардап шеккендер жоқ. Араға біреше минут салып, келесі үйден екінші жарылыс даусы естілген. Салдарынан 24 жастағы қызды күйік шалды. Жалпы түс ауа қаланың бірнеше шағын ауданындағы пәтерлерден газ ақауы байқалған. Авариялық кезекші бөлімдер қоңырау шалған тұрғындарға газ қондырғыларын өшіруге кеңес беріпті. Әзірге тиісті салалық құрылымдардан ресми ақпарат алу мүмкін болмай отыр.
Алтын Қыстаубаева, қала тұрғыны:
- Сөндіріңіздер деп ескерту керек. Үйімде немерелерім болмағаны жақсы болды қайта. Мен оларды құлыптап кететінмін. Ең бастысы, балаларымның үйде болмағанына қуандым.
Гүлнар Арғынбаева, қала тұрғыны:
- Сағат 2 жарым шамасында теледидар көріп отыр едік, үйде анам бар 92 жаста, қызым бар. Қатты шуылдап кетті дауыс шығып, қызыма айттым шәйнек қойдың ба деп газды барып қарасам, өлшеуіш құрылғыға газ құбыры жалғанған жер қатты шуылдап жатыр екен. Газдың ең кішкентай көзін жағып көріп едім, қатты лапылдап жанып тұр екен. Дереу газды жаптым, жарықты өшірдім да, көршілердің есігін ұрып жатқанымда бірдеңе «гүрс» ете қалды. Қарасам, балкон жарылып, пердесі өртеніп жатыр екен.
Айзада Асанова, қала тұрғыны
- Біз мынау отырысымыз қыстың көзі қырауда қайда барамыз? Отырмыз күйеуім екеуміз далада. Ештеңе деген жоқ, шығынын кім өтейді?
"24 кз" арнасы