МЕМЛЕКЕТ ДАМУЫНДАҒЫ ЖАҢА МҮМКІНДІКТЕР
Өткен аптада облыс әкімінің орынбасары Руслан Рүстемовтің қатысуымен актив отырысы өтті. Оған ҚР Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Жанат Сүлейменов және Республикалық ақпараттық-насихаттық топ мүшелері қатысты. Мемлекет басшысының «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауы тармағындағы мақсат-міндеттер жайында айтылды.
– Елбасы Жолдауында заманауи технологиялар жылдам өсіп келе жатқан мегаполистің проблемаларын тиімді шешу, әлемде инвесторлар үшін қалалар бәсекеге түсуі туралы кеңінен тоқталды. «Ақылды қала» қазіргі заманғы өмір сүру сапасын инновациялық технологияларды қолдану есебінен қаланың тыныс-тіршілік жүйелерін тиімді пайдалануға жағдай жасайды. Ол өңірлік дамудың, инновацияны таратудың және еліміздің барлық аумағында өмір сапасын арттырудың негізгі тетігіне айналмақ, – деді вице-министр.
Келесі кезекте қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сайлаубай Әбішев, Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің проректоры Абайбек Жүнісов, облыстық жастар денсаулығы орталығының директоры Жанар Қалмақова өз пікірлерін білдірді.
Актив жиынын қорытындылаған облыс әкімінің орынбасары Руслан Рүстемов Елбасы Жолдауындағы міндеттерді орындау бағытында ортақ жұмыс жасап, нәтижелі іс атқаруға шақырды.
Жарасхан ӨТЕБАЛИЕВ.