КЕЛІСІМ КЕЛЕЛІ ІСТЕРГЕ БАСТАЙДЫ
![](/uploads/posts/2018-02/thumbs/1519109540_27972123_181894942585173_7815423768464998760_n.jpg)
Шараның негізгі мақсаты – талаптар арасында өзара келісім жасау негізінде қоғамдағы түйткілді мәселелерді шешу. Яғни, медиатордың көмегімен шешілетін барлық жағдайды келіссөздер арқылы тиімді пайдаланып, мектеп пен ата-ана байланысын нығайту барысында нәтижеге қол жеткізу, қолайлы келісімге келу, дауларды сотқа жеткізбестен бітімгершілікпен аяқтау секілді мәселелер назарға алынады.
– Алдымен медиацияға тоқтала кетсек, латын тіліндегі ұғым «медиана» – орта сызық деген сөзден шыққан. Қазақы ұғымға сəйкестендірсек, медиатор екі жаққа да ортақ, дау-дамайда айтысушы жақтарды мəмілеге келтіріп, тең шешетін жол. Біздің елімізде 2011 жылдан бастап сот жүйесінде дауды шешудің бір тəсілі ретінде қолданылып келеді. Ал, медиатор – осы заң талаптарына сəйкес кəсіби жəне кəсіби емес болып бөлінеді, – деді «Бітім» медиация орталығы қоғамдық бірлестігінің тренер медиаторы Ләззат Бақтыбаева.
Қоғам болған соң мұғалімдер мен оқушылар арасында түсінбеушіліктер кездесуі әбден мүмкін. Содан барып, ата-аналардың ұстаздарға көзқарасы өзгеруі ғажап емес. Жалпы, медиацияға байланысты меморандум мектепке керек пе? Бұл тұрғыда білім ұяларының басшылары өз ойларын ортаға салды.
Шара барысында №11, 261 орта мектеп директорлары Батырбек Әбиев, Алтынсары Шүренов, облыстық жастар ресурстық орталығының директоры Жасұлан Алдабергенов, ардагер Қазыбай Құдайбергенов пікірлерін білдірді.
Қалалық білім бөлімінің басшысы Ақарыс Нұрсейітов:
– Жалпы, білім – ең ауқымды, күрделі сала. Ата-ана мен бала, ұстаз арасында келіспеушілік туындап қалуы мүмкін. Сондай жағдайда мәселені шешетін кәсіби медиаторды қолдансақ деген ой айтқым келіп тұр. Біздегі мақсат – дау-дамайды алдын алып отыру. Психологтың да жұмысын жандандыру қажет. Оларға арнайы кабинет керек. Сондай-ақ, тек оқушымен ғана емес, мұғаліммен де жұмыс істеуі тиіс. Сонымен қатар, алдағы уақытта оқушылар мәслихатын құрсақ деген ойымыз бар.
Жиында құқық құрғаушылар да медиацияға байланысты ұсынысты қолдады. Мектепке қажет деп шешті. Содан соң №3 мектеп-гимназиясының оқушысы Алмас Аппазов үндеу қабылдады. Ал, соңында меморандумға қол қойылды.
Ақтолқын НҰРЛЫБАЙ.