«СПОРТИНГПЕН» МАТЧ: «АСТАНА» ЕУРОПА ЛИГАСЫНДАҒЫ ОЙЫНДАРЫН АЯҚТАДЫ
ҚазАқпарат - «Астана» футбол клубы УЕФА Еуропа лигасының 1/16 финалы аясындағы жауап кездесуінде Португалияның «Спортинг» командасымен тең ойнады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. 15 ақпан күні «Астана Аренадағы» матчтан «қоңыржай» нәтижемен оралған «Спортинг» келесі кезеңге өтуге толық мүмкіндігі барын сезініп ойнады.
Сол сенім Бас Досттың 3-минутта баспен соққан голынан кейін нығая түсті. Бірақ 37-минутта Марин Томасов бұрыштамадан соң айып алаңынан серпілген допты алыстан күшті соққымен қақпаға дәл бағыттап, есепті теңестірді. Осы гол қазақ футболы жанкүйерлерінің жүрегіне үміт ұшқынын ұялатқандай еді. Алайда 53-минутта жоспарлы шабуыл кезінде «Спортингтің» вингері Бруно Фернандеш алыстан шірене соққы бағыттады. Әдетте Криштиану Роналдудан көруге көз үйренген «португалша» соққыны қайтаруға Ненад Эричтің ешқандай мүмкіндігі жоқ еді. Матч тағдырын шешкен гол да осы болды. Араға тура он минут салып Бас Досттан пас алған Бруно дублін тойлады. 80-минутта «Астананың» шабуылы кезінде тағы да қорғаушылардан доп серпілді. Бұл жолы Патрик Твумаси қуатты соққы бағыттап, есепті қысқартты. Негізгі уақыт аяқталды, төреші қосып берген 3 минут та аяқталды, бірақ елордалық ұжымның шабуылы аяқталмаған кез еді. Соңғы сәтте бұрыштама тебуге мүмкіндік алған Станимир Стоилов шәкірттері ерекше жігер танытты. Марин Томасовтың бұрыштамадан көтерген добы айып алаңының оң жақ төбе бұрышында тұрған Дмитрий Шомкоға келіп түсті. Қақпаның алыс төменгі бұрышына күшті соққымен допты шегелеген Шомко есепті теңестірді. Осылайша, ойын 3:3 есебімен аяқталды. «Спортинг» 1/8 финалға жолдама алды. «Астана» - «Спортинг» матчы Португалия астанасы Лиссабонда өтті.
http://www.inform.kz