АСХАТ ТАҒЫБЕРГЕН – «ҚАЙСАРДЫҢ» ОЙЫНШЫСЫ
«Астана» футбол клубы мен Қазақстан құрамасының жартылай қорғаушысы Асхат Тағыберген «Қайсар» командасына қайта оралды. Бұл жөнінде қызылордалық клубтың ресми сайты хабарлайды.
Қазіргі күні 27 жастағы футболшы қызылордалық футбол мектебінің түлегі болып табылады. Ол 2008-2012 жылдар аралығында «Қайсар» сапында ойын көрсетті. Одан кейінгі үш жылда «Ақтөбе» намысын қорғаса, 2016-2017 жылдарда «Астанада» ойнады. Өткен жылдың алғашқы жартысында Қостанайдың «Тобылында» доп тепті.
Асхат Тағыберген футболдан ел біріншілігінің екі дүркін чемпионы, бірнеше мәрте жүлдегер болды. Сондай-ақ, ол – Кубок және Суперкубок ойындарының жеңімпазы. Чемпиондар лигасы мен Еуропа лигасында ойнаған тәжірибесі тағы бар.
Жартылай қорғаушы 11 қаңтарда «Қайсардың» Түркиядағы оқу-жаттығу жиынына қосылады деп күтілуде.