ЖЫР-ӘННІҢ ЕЛІ, ТҰРАННЫҢ ТӨРІ...
Биыл Сыр өңірінде дүбірлі той. Себебі, дархан даланың қойнауына ұлы тарихты сіңірген, қазақтың алтын тамырының қасиет құты сіңген Қызылорда қаласына – 200 жыл. Аталған мерейтойға орай А.Тоқмағамбетов атындағы қалалық мәдениет үйінде республикалық ақындар айтысы өтті. «Тамыры терең, тарихы кенен Қызылорда!» атауымен бастау алған аламан бәйгеге қала әкімінің орынбасары Шахмардан Байманов қатысып, ақындарға сәттілік тіледі.
Ақындар айтысына Республиканың 6 облысынан шабыт атты шалқұйрықты жабулап мінген 10-нан аса ақын келді. Олар Сыр өңірінің жампоздарымен жұпталды. Жыр додасын екі мәрте «Алтын домбыра» сыйлығын алған, айтыскер ақын Мұхтар Ниязов жүргізді.
Айтысқа еліміздің әр аймағы мен облыс аудандарынан 5 жұп қатысты. Талай додада топ жарып, жалынды жырларымен тыңдарман көңілін хош еткен дүлдүлдер бұл жолы да аянған жоқ. Тақырыпты тереңінен қаузап, қағытпа әзілмен ерекшеленді. Күн ұзаққа созылған додада елдің әлеуметтік мәселесі, бұқараның жетістігін жырлағандар көп болды. Сонымен қатар, Қызылорда шаһарының өткені мен бүгіні жырға қосылды.
Суырып салма айтыскерлердің сөз додасына «Айқын» газетінің бас редакторы Нұртөре Жүсіп, режиссер-сценарист Оңталап Нұрмаханов пен «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы төрағасының орынбасары Ержан Байтілес қазылық жасады.
Өлең құдіретінің құпиясы мен құт ұясын қанында, қаламында ойнатқан, шалқар шабыт иесінің есімін арқалаған республикалық ақындар айтысында бас жүлдені павлодарлық Нұрғанат Қайрат иемденді. Ал, 1-орын шиелілік Бекжан Ержігіт, 2-орын Ерасыл Бәйментай, жүлделі 3-орын ақтөбелік Әлихан Жақсылыққа бұйырды. Ал, басқа да ақындар қала әкімінің алғыс хатымен марапатталды.
Айдархан ӘБДІҚАДЫРОВ,
ҚМУ-дің IV курс студенті.