ТАМЫРЫ ТЕРЕҢ, ТАРИХЫ КЕНЕН ҚЫЗЫЛОРДА!
А.Тоқмағамбетов атындағы қалалық мәдениет Үйінде Қызылорда қаласының 200 жылдық мерейтойы аясында жастардың елжандылық қасиетін дамыту, туған жерге, Отанға деген сүйіспеншілігін арттыру, туған елдің тарихын қастерлей білуге, жас ақынның көзқарасын айқындап, қарсылас алдындағы тапқырлығы мен талантын көпшілікке паш ету және өскелең ұрпаққа додаға түскен елге танымал ақындарды насихаттау мақсатында Қызылорда қаласы әкімдігінің қолдауымен, қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің ұйымдастыруымен Қызылорда қаласының 200 жылдық мерейтойына арналған «Тамыры терең, тарихы кенен Қызылорда!» атты республикалық жас ақындар айтысы өткізілді. Жыр додасын екі мәрте «Алтын домбыра» иегері, айтыскер ақын Мұхтар Ниязов жүргізді.
Еліміздің түкпір-түкпірінен шабыт атты шалқұйрықты жабулап мінген Қарағанды қаласынан Ботакөз Мұхитдинқызы, Шымкент қаласынан Нұрғали Әнапия, Әлихан Жақсылық Ақтөбе облысынан, Нұрқанат Қайрат Павлодар қаласы, Сұлужан Таубалды Астана қаласынан және Қызылорда қаласынан Бекжан Ержігіт, Мейрамбек Ибрагимов, Шыңғыс Құдайберген, Ерасыл Бәйментай, Төрехан Совет секілді кіл марқасқа ақындар киелі Сыр топырағында жиылып бақ сынасты. От ауызды, орақ тілді ақындар сынға түскен аламан айтысқа журналист, «Құрмет» орденінің иегері, «Айқын» газетінің бас редакторы Нұртөре Жүсіп төрағалық етсе, ақын, режиссер-сценарист, «Мәдениет қайраткері» белгісінің иегері Оңталап Нұрмаханов пен «Нұр Отан» партиясы Қызылорда облыстық филиалы төрағасының орынбасары Ержан Байтілестер қазылық жасады. Айтыс өнері заман ағымына ілесіп жасап келе жатқан қазақтың асыл мұрасы екені анық. Мұны бүгінгі жыр додасында ақындар айырықша көрсете білді. Бас жүлде павлодарлық Нұрқанат Қайратқа бұйырса, І орынды қызылордалық Бекжан Ержігіт, ІІ орын қызылордалық Ерасыл Бәйментай, ІІІ орын ақтөбелік Алихан Жақсылық алды. Қатысушы барлық айтыскер жас ақындарымыз қала әкімі Н.Нәлібаевтың алғыс хатымен марапатталды.