Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ақмешіт апталығы

Газет 1994 жылдан бастап шығады
» » БАР ІЗГІЛІК БІР ӨЗІҢНЕН ТАРАЙДЫ

БАР ІЗГІЛІК БІР ӨЗІҢНЕН ТАРАЙДЫ

  Бір құрсақты жарып шықпаса да, олардың бір-біріне деген қамқорлығы мен бауырмалдығы ерекше. Бір шаңырақ астында ұйыған отбасындай ғұмыр кешіп жатқан балақайларға қарап, еріксіз сүйсінесің. Естияры үй тірлігіне қолғабыс етіп, өзінен кейінгілерге бас-көз болып жүрсе, кішкентайлары өздерінің тәтті тілімен айналасын шуаққа бөлейді.                            
 Қаладағы «Атамекен» отбасылық үлгідегі балалар ауылына ат басын бұра қалсаңыз, біз суреттеп отырған дәл осы көрініске куә боласыз. Ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға осыдан үш жыл бұрын өз есігін айқара ашқан орталық бүгінде олардың шат-шадыман күлкісіне бөленген берекелі шаңыраққа айналған. Осылайша екі қабатты ғимараттарға орын тепкен сегіз тұрғын үйден тұратын отбасылық үлгідегі нысанды ашу арқылы Қызылордада жетімдер үйі деген атау жадымыздан мүлдем жоғалған еді. Мақсат – балалардың қоғамға әлеуметтік бейімделуін отбасылық жағдайда қалыптастыру. Әрқайсысына  «Сарыарқа», «Оқжетпес», «Үшқоңыр», «Байқоңыр», «Ақжайық», «Ұлытау», «Жетісу» деп атау берілген үйлерде қазір барлығы 45 бала тәрбиеленуде. Отбасылық үйлердің осылайша аталуына халқымыздың көрнекті жазушысы Әбіш Кекілбаев ықпал еткен.  Әрбір шаңырақтың бөлмелері заманауи үлгіде жабдықталған. Өмір сүруге барлық жағдай жасалған. Мұнда тәрбиеленушілерді жан-жақтылыққа баулу ісі де назардан тыс қалмапты. Олардың өнер-білімге қабілетін бейімдей түсу мақсатында «Алатау» шығармашылық үйі жұмыс жасайды. Ән мен күйге қызығушылығы бар өрендер осында уақыттарын тиімді әрі пайдалы өткізуге мүмкіндік алған. Тұрғын үйлердің бірінші қабатында қонаққа арналған бөлме, ойын, сабаққа даярлық орны, асхана және санитарлық-гигиеналық жуыну бөлмелері орналасқан. Ал, екінші қабатта тәрбиеленушілер мен тәрбиешіге арналған 6 жатын мен тұрмыстық бөлмелер бар. Олардың әрқайсысы заманауи әрі қолайлы үлгіде жабдықталып, қауіпсіздік ережелері де жіті ескеріліпті. Әр үйдің алаңында бау-бақша жері, спорттық ойын және тынығуға арналған алаңдарға арнайы орындар қарастырылған. Бір қызығы, бау-бақшалық аумақтарға балалардың өздері күтім жасап, қыс бойы жаздай еткен еңбектерінің жемісін көріп шығады. Бұл әрекеттің астарының өзінде өрендерге «Еңбектің наны тәтті» деген тәмсілдің тәлімін ұғындыру мақсаты жатса керек.                                                                                                               – Былтыр мұнда 9 бала келді. Әр үйде 7-10 баладан тұрады. Оларға қамқор болуға арнайы қызметкерлер бекітілген. Оларды «тәрбиеші-ана» деп атаймыз. Балалар тәрбиесіне, тәртібіне тікелей сол кісілер жауапты. Аптаның 6 күнінде бірге болады. Бүгінде бір-біріне бауыр басып кеткен. Тіпті, арасында «анашым» деп атайтындары бар. Мұнда ешқандай алалаушылық деген болмайды. Кәдімгідей ананың аялы алақанын сезінеді, аналық мейірімге бөленеді. Бұл мекеменің жетімдер үйінен айырмашылығы да осында. Балалармен арнайы психолог мамандар жұмыс жасайды. Тағы бір айта кетерлігі, мұндағы әрбір үйге демеушілік, қамқорлық жасайтын мұнай компаниялары бар. Олар әрбір мереке күні жеткіншектерге өздерінің қалауы бойынша сый-сияпаттарын жасап қуантып тұрады. Былтыр осындай жомарт жандардың қолдауымен балалар өздері тұратын үйлерінің атауына сәйкес 7 өңірге саяхаттап қайтты, – дейді аталмыш мекеме басшысы Лиза Ысқақова.      Қай үйге бас сұқсаңыз да балақайлардың көңілі көтеріңкі екенін байқайсыз. Табалдырық аттағаннан кәдімгідей отбасылық жылу сезіліп-ақ тұр. Мәселен, «Оқжетпес» үйіне кіргеннен бізді Роза Тойшыбек есімді тәрбиеші-ана жылы шыраймен қарсы алды. Кәдімгі көп балалы шаңыраққа енгендей әсерде қалдық. Себебі, Роза 7 бірдей баланы тәрбиелеп, аналық мейірім нұрына бөлеп отыр. Олардың ішінде бір анадан туған Алина, Зарина, Римма, Рамиля, Рината есімді 5 қыз бар. Ал, Ерназ бен Виктор тәрбиеші-анасы мен қыздарға әжептәуір қолғанат. Екі жігіт ауланың шаруасына әбден төселген. Балалар сабақтан бос уақытында бірі дзюдоға, бірі боксқа, ал енді бірі мәнерлеп сырғанау үйірмесіне барады. Бұл тұрғыдағы жетістіктері де жоқ емес. Мәселен, Мәскеуде өткен «Ты супер танцы» халықаралық би конкурсында Рамиля дипломант атанған. Қамқорлығындағы балаларының осындай бағындырған белестеріне тәрбиеші-аналары балаша қуанатындығын айтады. Расында, Роза Тойшыбектің оларға деген ерекше емеурінін көріп, ана жүрегі қашанда мейірімге толы болатынына тағы бір мәрте көз жеткендей.          – Алғашқы кезде аздаған қиындықтың болуы заңды. Әр баланың мінезі әртүрлі. Жан-жақтан келгендер түгілі, бір үйдің балалары кейде бір-бірімен тіл табыспай қалып жатады. Осындай сәттерде әр істі ақылмен шешіп, бағыт-бағдар береміз. Түрлі қиындықтармен келгендіктен оларға аналық мейірім жетіспей тұратын секілді. Сол кемшіліктің орнын толтыруға тырысамыз. Сондықтан бұл балаларға мүмкіндігінше жылы сөйлеп, өз балаларымыздай жанашырлық танытамыз, – дейді ол бізбен әңгімесінде.                                     Ал, ағайынды қыздардың ең кенжесі Рината 2 сыныпта оқиды. Бізді жатырқамай мерекелік тақпақ айтып берді. Болашақта дүкенші болғым келеді деген арманымен де бөлісті. Бүгінде ол тәрбиеші-анасына әбден бауыр басып үлгерген. Өз анасындай арасында еркелеп те алады. Ана мен бала арасындағы осындай шынайы байланысты көріп, жүрегің елжірейді.                Мерейлі мереке қарсаңында осындай берекелі шаңырақта болып, ондағы ұйыған тірліктің куәсі болып қайттық. Ата-ана қамқорлығынан тыс қалып, бір ауыз «айналайын» деген сөзге зәру болған жастарға өз баласындай мейірім шуағын төккен аналардың осындай ізгі істеріне қалайша бас имеске?
                                                                                         Бағлан ТІЛЕУБЕРГЕНОВА.
07 наурыз 2018 ж. 1 526 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№92 (1693)

28 қараша 2020 ж.

№91 (1692)

24 қараша 2020 ж.

№90 (1691)

21 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 

Суреттер сөйлейдi

ТҮНГІ ҚЫЗЫЛОРДА
01 қараша 2017 ж. 14 421 0
  • Акимата Кызылординской области
  • Сайт президента
  • Нұрлы жол
  • Рухани Жаңғыру
  • Жаңғыру 30
  • Egov
  • Digital Kazakhstan
  • Нақты қадам