ЕРКЕБҰЛАН СЕЙДАХМЕТТІҢ РЕСЕЙДЕГІ АЛҒАШҚЫ ОЙЫНЫ – РЕКОРД ЖӘНЕ ЖЕҢІС
Қазақтың жас таланты Еркебұлан Сейдахмет Ресей чемпионатындағы алғашқы ойынын өткізіп, «Уфа» клубының жеңіске жетуіне үлес қосты. Бүгін «Уфа» клубы Ресей премьер-лигасының ХХІІ турындағы ойынын өз алаңында өткізіп, Махачкаланың «Анжи» клубын 3:2 есебімен тізе бүктірді. Осы ойында жасыл алаңға алғаш рет Еркебұлан Сейдахмет шығып, ресми түрде бірінші ойынын өткізді. Негізі, «Уфаның» бас бапкері Сергей Семак Еркебұланды негізгі құрамда алаңға шығарған жоқ болатын.
Бірақ екінші таймда томағасын сыпырып, ойынға қосты. Есеп ашылмай, таблода тек нөлдер тұрған. «Еркош» шығып еді, бәрі де өзгеріп сала берді... Башқұртстан клубы есеп ашқан, Дағыстан клубының футболшылары ұзаққа созбай таразы басын теңестірді. Алайда осыдан кейін алаң иелері екі доп салды. Екеуінде де шабуылды өрбітуге, голдың соғылуына «Қазақтың Мессиі» үлес қосты. Ойынның аяғына қарай қонақтар қарқындарын үдетіп, құйындай орап соқты. Башқұртстан клубының қарсы шабуылдарының бірінде Еркебұлан «Анжидің» өзінен бір мүшел жас үлкен қорғаушысы, яғни словениялық Мирал Самарджичпен тәжікелесіп қалып, ескерту алды. Көп ұзамай, яғни матч аяқталуға айналғанда Сергей Семак «Еркоштың» орнына тәжірибелі қорғаушысын шығарды. Жеңісті есепті уысынан шығарып алмас үшін қолданған тактикалық шешімі екені түсінікті еді. Матчтан кейін Еркебұланның жеңіске жетулеріне сүбелі үлес қосқандығын, тек қорғаушыларға көмектесу жағына әлі тәжірибесі аздау екендігін тілге тиек етіпті. Сөйтіп, Еркебұлан Сейдахмет бүгін 42 минуттың ішінде көршілес жатқан екі елді дүр сілкіндірді. Ресей футболындағы дебюті, алғашқы қадамы жаман болған жоқ. Ескертуін (сары қағазын) есепке алмасақ – екі пас, жеңіс және рекорд. Иә, рекорд! Бүгінге дейін Ресей премьер-лигасында жасыл алаңға 2000 жылы туған ешкім шықпаған екен! Бұған дейінгі Ресей премьер-лигасында жасыл алаңға шыққан ең жас футболшы «Краснодар» клубының шабуылшысы Магомед-Шапи Сулейманов болыпты. Ал ол 1999 жылы 16 желтоқсанда туған... Енді қазақтың жас таланты бүл тарихи жетістіктің қаймағын бұзып отыр. Ресейдің беделді басылымдары Еркебұлан Сейдахметтің бүгінгі ойынын жарыса жазып та жатыр. «Спорт-Экспресс» тіпті бұл ойынды «Семакка Месси көмектесті. Тыныш, бірақ әзірше басқа» деген тақырыппен жариялады...
«Уфа» – «Анжи» – 3:2 (0:0) Голдар: Никитин (Стоцкий, айып соққысы), 57 – 1:0. Лескано (Антон, Данченко), 64 – 1:1. Пауревич (Живоглядов, Сейдахмет), 65 – 2:1. Йокич (Живоглядов, Сейдахмет), 67 – 3:1. Полуяхтов (Данченко, Лескано), 82 – 3:2.
https://sportsffa.kz/