ЖОЛДАУ ЖОЛЫМЕН – БІЛІМ БИІГІНЕ
Елбасының «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауын және «Болашаққа бағдар: «Рухани жаңғыру» мақаласын қала ұстаздарының арасында кеңінен насихаттау мақсатында ауқымды шара қолға алынды.
Қалалық білім бөлімі мен кәсіподақ комитетінің ұйымдастыруымен өткен байқау «Жолдау жолымен білім биігіне» деп аталды. Оған қала бойынша 17 мектеп қатысты. Байқау шарты негізінде әр білім ошағынан шыққан команда үгіт-насихат бригадалары ретінде бақ сынады.
Тағы бір ерекшелігі, мұнда тек мұғалімдердің біліміне ғана емес, шеберлігіне, тапқырлығына, кәсіби деңгейіне, көркемдік ерекшелігіне мән берілді. Жалпы, ұстаздар арасындағы өткен жарыс қызықты әрі тартымды өтті. Соның ішінде қала орталығындағы №101 Әли Мүсілімов атындағы мектеп-лицейінен «Жібек жолы» үгіт-насихат бригадасы өз ерекшелігімен дараланды. Аталмыш топтың осы атауды таңдауында үлкен мән бар. Олар Қызылорданың 200 жылдық тарихына сүйене отырып, Жібек жолы керуенін көрсете білді. Сондай-ақ, білім ошағы қаланың Жібек жолы көшесінің бойында орын тепкен.
Олардың киімі еліміздің көк байрағының түсі таңдалып, сары түспен оюланған. Оған қоса сайыста да өздерін жан-жақты танытты. Ал, нәтижесінде осы топ 1-ші орынды иеленіп, ақтық сайысқа жолдама алды.
– Байқаудағы басты мақсат – Елбасы Жолдауын насихаттау, әр бағыт бойынша өз өнерімізді орта салу. Біздің мектеп ұстаздарының белсенділігі жоғары. Соның арқасында ешқандай сыннан сүрінбей өттік, – дейді топ мүшесі, ағылшын тілінің мұғалімі Дүзелбек Түлемісов.
Алда сайыс жеңімпаздарын облыстық деңгейдегі дода күтіп тұр. Соған орай №101 мектеп-лийецінің директоры Асқар Әділбеков қатысушыларға жеңіс тұғырынан көріне берулеріне сәттілік тіледі.
Ақтолқын НҰРЛЫБАЙ.