ПОЛИЦИЯ ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІНІҢ АРАСЫНДА ҮЗДІК МЕРГЕНДЕР АНЫҚТАЛДЫ
Қызметкерлердің спорттық даярлығын көтеріп, дене шынықтыру дайындығын жоғары деңгейде ұстауын қамтамасыз ету мақсатында барлық басқарма, бөлім қызметкерлері арасында Макаров тапаншасынан атудан сайыс өткізілді. Жарысқа 9 команда қатысып, оларға 25 метр қашықтықта қойылған нысаналарды белгіленген уақыт ішінде дәл тигізу талабы қойылды. Сайыс ішкі істер органдарындағы ең үздік мергеншіні анықтап қана қоймай, жалпы тәртіп сақшыларының кәсіби дайындығына талдау жүргізуге де мүмкіндік берді.
Тартысты өткен жарыс қорытындысы бойынша І және ІІ орындарды Жергілікті полиция қызметінің құрама командалары иеленсе, ІІІ орынға Кадр жұмыстары, Арнайы даярлық және Штаб басқармасынан құралған құрама команда тұрақтады.
Сонымен қатар, сайыстың шеңберінде ерекше дәлдігімен көзге түскен қызметкерлерге арнайы аталымдар табыс етілді. Атап айтқанда, «Жеңіске деген жігері үшін» аталымға департаменттің Әкімшілік полиция басқармасының бөлім бастығы полиция майоры Оспанов Азамат Айдуллаұлы лайық деп танылса, «Үздік мерген» аталымы бойынша Қызылорда қалалық ішкі істер басқармасы Анықтау бөлімінің анықтаушысы полиция лейтенанты Сәрсенбай Перизат Сейілханқызы марапатталды.
Сайыстың жеңімпаздары мен жүлдегерлерін 16 наурызда өткізілген әскери-қызметтік даярлық сабағы кезінде департамент басшылығы марапаттап, дипломдар мен естелік сыйлықтарды табыс етті.
Қызылорда ОІІД баспасөз қызметі