ТАЛАЙЛЫ ТАҒДЫР ИЕСІ
Қалаға қарасты №17 Қызылжарма ауылдық кітапханасындабелгілі ақын Рахмет Батырбаевтың шығармашылығына арналған «Талайлы тағдыр иесі» атты әдеби кеш өтті. Рухани шара «Туған жер – туған ел» бағдарламасы аясында ұйымдастырылды.
Сыр өңірінің әдебиетін дамытуға үлес қосқан суреткер, талантты ақынның шығармашылығын насихаттау, жастарды кітап оқуға шақыру мақсатын көздеген шараға ауылдық ақсақалдар кеңесінің төрағасы Қожахмет Ыдырысов, қоғамдық кеңестің төрағасы Барат Таубай, бірге қызметтес болған еңбек ардагері Рыскүл Қалиева сынды алдыңғы буын өкілдері ақын жайлы қызықты, тағылымы мол естеліктерімен бөлісті. Сондай-ақ, ақынның «Үзілмеген үміт», «От кешу», Сталинград», «Белгісіз солдатқа», «Сыр-шежіре», «Ұлбике ақын» дастандары мен өлеңдерін мектеп оқушылары мәнерлеп оқып кештің шырайын келтірді. Тағылымды шара соңы концерттік бағдарламаға ұласты. Айта кетейік, Рахмет Батырбаев «Комсомол» қазіргі «Қызылжарма» ауылында кіндік қаны тамған.
Бағлан ЖАРЫЛҚАПҚЫЗЫ.