ЖЕР-ДҮНИЕНІ ЖЫЛЫҚҚА БӨЛЕНГЕН
Биыл Қызылорда қаласында Наурыз мейрамы жоғары деңгейде тойланады. Оған арналған шаралар тізбегі 14 наурыздан бастап 22 наурызға дейінгі аралықты қамтиды. Бұл жөнінде өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында қала әкімінің орынбасары Шахмардан Байманов кеңінен әңгімелеп берді.
Мәселен, 16 наурыз – «Наурыз дәстүр» күні болып бекітілген. Кеше қаладағы білім беру мекемелерінде «Қош келдің, Наурыз!» тақырыбымен салтанатты шаралар ұйымдастырылды. Сонымен қатар, жоғары оқу орындары студенттері арасында қалалық мәдениет және демалыс паркінде ұлттық спорт түрлерінен сайыстар өткізілді.
Бүгін 17 наурызда «Наурыз-жаңару» атауымен «Наурыз – Көк» тақырыбымен жалпыхалықтық сенбілік өткізіліп, «Наурыз-тал» экологиялық акциясы аясында 2000 ағаш көшеті отырғызылады деп жоспарланған.
«Наурыз салауаты» күні бойынша 18 наурызда тұрғындар арасында ұлттық ойын, заманауи спорт түрлерінен сайыстар ұйымдастырылмақ. 19 наурыз «Наурыз тарту» шарасына арналады. Соның аясында Қазантаев көшесінің бойында кәсіпкерлердің тұрғындарға арналған сый тартуы ретінде киіз үйлер тігіледі. Халыққа тегін дәмділер таратылады.
Сондай-ақ, 20 наурызда «Наурыз думан» өткізіліп, кент және ауылдық округтердегі мерекелік шараларға берілді.
Жыл басы ретінде белгіленген 21 наурыз күні орталық алаңда жастардың «Домбыра-думан» шарасы ұйымдастырылып, кешкі уақытта жастар кеші өткізіледі. Танымал өнерпаздар тұрғындарға өз өнерлерін көрсетеді.
Ұлыстың ұлы күні – 22 наурызда орталық алаңда Астананың 20 жылдығы және Қызылорда қаласының 200 жылдық мерейтойы аясында жұртшылыққа арналған тақырыптық бағыттары бекітілген киіз үйлер тігіледі. Ұлттық салт-дәстүрлер, ойындар көрсетіледі. Мерекелік іс-шаралар қаланың бес ауылдық округтерінде де өтеді.
Айтолқын АЙТЖАНОВА.