ТОЛАҒАЙ ТАБЫСТАРҒА ТОЛЫ КЕЗЕҢ
Н.В.Гоголь атындағы Қызылорда педагогтік институтының 1971 жылғы түлегімін. 1979 жылдан бері осы ұлағатты мекенде ұстаздық етіп келемін,сол жылдарда. Бұл қара шаңырақты 6 ректордың басқаруына және атауының екі рет өзгеруіне куә болған екенмін.
Мен педагогтік институтқа Базарбек Өсербаев ағамыз басқарған кезде түсіп, Оралхан Камардинов ағамыз басқара бастағанда бітірген болатынмын. Міне, содан бері оқу орнын Абай Айтмұхамбетов, Бақберген Досмамбетов, Болат Әбдірасіловтер басқарған кезде ұстаздық қызмет атқардым.
Кеңес үкіметінің күні бітіп, еліміз тәуелсіздік алған қиын кезеңде пединституттың ректоры болған Б.Досмамбетов пединститутты гуманитарлық университет дәрежесіне көтерді. Екінші жаңалығы – институттың Н.В.Гоголь атауын Қорқыт ата атауына өзгертуге бар күшін салды.
Алғашқысында ол бірнеше рет шет елдерге барып, ондағы оқу орындарының жүйесімен танысып, көрген-білгендерін жаңалық ретінде іске асыру жолында біраз еңбек жасады. Қиындық университеттің атын өзгертуде туындады. Түрлі көзқарастар, ұсыныстар болды. Арты дауға айналып кетуге бағыт алған шақта ректор Бақберген Сәрсенұлы бүкіл түркі халқына ортақ абыз-ғұлама, әрі сүйегі Сыр бойында жатқан Қорқыттың атын беруді ұсынды. Осы ұсыныс қабылданып, университет 1992 жылы «Қорқыт ата атындағы Қызылорда гуманитарлық университеті» деген атауға ие болды. Бұл университетті Б.Досмамбетовтен кейін, 1995-1997 жылдар аралығында Болат Әбдірасілов басқарған болатын.
Қызылорда қаласында 1976 жылдан бері техника ғылымдарының докторы, профессор У.Қ.Бишімбаевтың басқаруымен жұмыс істеп келе жатқан Жамбыл гидро-мелиоративтік инженерлік институтының филиалы 1990жылы өз алдына «Қызылорда агроөнеркәсіп өндірісі инженерлері институты» болып құрылды. Жоғары оқу орнына 1991 жылы институтқа екі мәрте Социалистік Еңбек Ері Ы.Жақаевтың аты берілді. Институт 1996 жылы «Ы.Жақаев атындағы политехникалық институты» болып қайта құрылды. Осы жылдан бастап институт сол кездегі жас ғалым Қылышбай Алдабергенұлы Бисеновтің басқаруына берілді.
Қызылорда қаласындағы осы екі ірі оқу орнының 1998 жылы Үкімет қаулысымен біріктірілуі негізінде қазіргі Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті құрылды. Ректоры болып техника ғылымдарының докторы, профессор Қ.А.Бисенов тағайындалды.
Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бастау алып, біздің көз алдымызда өткен осы оң өзгерістерге, әсіресе қазіргі кезде елімізге ғана емес, дүние жүзінің көптеген елдеріне аты мәшһүр болып отырған Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің құрылғанына 20 жыл толыпты.
Осы уақыт ішінде бірнеше жыл кафедра басқардым. Бір кездері өзіме білім мен тәрбие берген ұстаздарым еңбек еткен кафедраны басқару мен үшін – әрі қымбат, әрі жауапты іс. Ең бастысы, кафедраны білікті мамандармен қамтамасыз ету еді, бұл мәселені жастарды ғылыммен айналысуға бағыттау арқылы шешуге тырыстық. Әрине, мұндай жұмыс басшының қолдауынсыз жүзеге аспайтыны айдан анық. Ректорымыз Қылышбай Алдабергенұлы жастардың ғылыммен айналысуын алдыңғы орынға қойып, кафедра басшыларының ұсынысын жерде қалдырған емес. Ғылыммен айналысып жүрген кадрларға білімін көтеру мақалалары мен кітаптарын баспадан шығаруға қаражат бөліп әрқашан көмек көрсетуге дайын тұрды. Университетті 2007-2011 жылдар аралығында басқарған профессор Б.К.Момынбаев осы мақсатта нәтижелі қызмет етті. Осындай үлкен қолдаудың нәтижесінде қазір өзім қызмет атқаратын Қазақ тілі мен әдебиеті және журналистика кафедрасы ғылыми әлеуеті жағынан еліміздегі жоғары оқу орындары арасында алдыңғы қатарға шықты.
Ғалым болғаннан кейін ғылыми еңбектер жазу, оны баспадан шығару ара-тұра іздену мақсатында іссапарға шығамыз. Осы жағынан да өз басым (басқа ұжым мүшелері де солай деп ойлаймын) таршылық көрген емеспін. Бірнеше кітабымның жарық көруіне, оның таралуына ректорат тарапынан қолдау көрсетілді.
Университетте белгілі бір мерей той жасына толған ғалымдарға арналған арнаулы шараны салтанатпен өткізу дәстүрге айналған. Өзімнің 60 және 70 жасқа толу мерейтойымның дәл осылай өткеніне, сонда түсірілген суреттерді, бейнероликтерді көру, менің атыммен шығарылған естелік кітапты оқу арқылы Қ.Алдабергенұлы басқарып отырған университет ұжымына әрдайым ризалығымды білдіріп отырамын.
Арғы жағын айтпай-ақ, осы 20 жыл ішінде талай марапатқа иеболған екенмін. Олардың ішінде ректораттың, облыс әкімдігі мен облыстық басқа да марапаттауларды айтпағанда, «ҚР білім беру ісінің үздігі» белгісі, Елбасының «Алғыс хаттары», «ҚР Білім беру ісінің құрметті қызметкері» белгісі, «10 жыл Астана» медалі, «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 20 жыл» мерекелік медалі, еліміздің білім және ғылым министрлігінің «Ы.Алтынсарин» белгісі, ҚР Мәдениет және спорт министрлігі «Құрмет грамотасы» тәрізді жоғары дәрежедегі марапаттар менің ұстаздық қызметіме берілген баға екенідаусыз. Ал осы марапаттауларға ұсыну ұжымның келісуінсіз, ректордың мақұлдауынсыз жүзеге аспайтыны айқын. Сондықтан Қылышбай Алдабергенұлы басқарып отырған Қорқыт ата атындағы қара шаңырақтағы осы 20 жыл менің ұстаздық еңбегімнің жанған, ғылыми еңбегімнің биікке көтерілген тұсы деуге хақылымын деп ойлаймын.
Қазірдің өзінде, зейнеткерлік демалысқа шыққаныма қарамастан осы киелі шаңырақта дәріс беруге мүмкіндік беріп отырғаны университет басшысының ғылымға, ғалымға деген шынайы көзқарасының, жалпы адамға деген ақ адал қасиетінің, құрметінің белгісі деп түсінемін.
Осындай талапшылдық, жаңашылдық, шебер ұйымдастырушылық арқасында біздің жоғары оқу орнымыз Қазақстандағы белді университеттер қатарынан көрініп келеді. Қазіргі жетістіктер осыдан 20 жыл бұрынғы әлеуетімен салыстыруға мүлде келмейді. Мұндай дәрежеге Дүние жүзі бойынша атақты оқу орындарындағы әрбір жаңалықты әкеліп, оқу үдерісіне қорықпай енгізудің арқасында осындай толайым табыстарға жол ашылды. Университеттің қандай болмасын табыстары кез келген жиындағы ректордың сөйлеген сөздерінде, баспасөздегі мақалалары мен сұхбаттарында айқын көрініп отырады.
Университетіміздің Қорқыт ата атын иемденіп, Қызылорда мемлекеттік университеті атануының биыл 20 жыл толып отыр. Алдағы жылдарда да мол табыстарға жетіп, жоғары оқу орындарының алдыңғы кезеңде бұл жетістіктер еселене түсуі сөзсіз.
Жеңіс Сәдуақасұлы,
филология ғылымдарының докторы,
Қорқыт ата атындағы ҚМУ профессоры.