СЫРДАРИЯДАҒЫ СЕҢ ҚЫЗЫЛОРДА ТҰСЫНАН КЕДЕРГІСІЗ ӨТТІ
Сырдария өзеніндегі сең Қызылорда қаласы тұсынан кедергісіз өтті, деп хабарлады ҚазАқпарат тілшісі. Қазіргі уақытта өзен деңгейі 85 сантиметрге дейін төмендеп, секундына 210 текше метр су жөңкіле ағып жатыр.
Алда әлі 63 шақырым бар. Мамандар өзен бойында кезекшілік ұйымдастырып, жағдайды күндіз-түні бақылауда ұстап отыр. Асау мінезді Сырдария жыл сайын көктемде әбігерге салады. Биыл бірақ, жауын-шашынның көп болуынан мұз ерте еріді. Жоғарыдан құйылып жатқан судың көлемі де аса мол емес. Сондықтан, баяу ағыс сеңнің кедергісіз жүруіне сеп болуда. «Қазсушар» РМК Қызылорда облыстық филиалы директорының орынбасары Жорабек Ерназаров дариядағы ахуалдың қауіпсіздігін алға тартты.
«Бүгінгі таңда жоғарыдан 1200 текше метр су түсіп жатыр. Шардара су қоймасында 4,2 миллиард көлемінде су жиналған. Әлі де жинақтайды деп отырмыз. Оның 400 текше метрін Көксарай су реттегішіне құйылуда, Арыс өзенінің суын қосқанда 160 текше метр су осы Қызылорда облысына кіріп жатыр»,-дейді ол.
Мамандардың есебінше, өзен бойында су басу қаупі жоғары 56 учаске бар. Дария деңгейінен төмен орналасқан Тереңөзек кентінің тұсы ең осал деп танылды. Сондай-ақ, сол жағалауды да су шаяды деген қауіп болды. Соның бәрін ескере келе өңірде арнайы жол картасы әзірленді. Қаражат бөлініп, бөгеттерді нығайту, гидронысандарды жөндеу жұмыстары дер кезінде қолға алынды. «Сол жағалауды қорғау мақсатында былтыр 293 миллион теңге Үкіметтің резервінен берілген болса, биыл соған қосымша 2 миллиард 656 миллион теңге қаржы бөлініп, жұмыстар қазір жалғасып жатыр. Су басуға жол берген жоқпыз деп айтуға болады.
Дегенмен, арқаны кеңге салуға болмайды. 500-ге жуық техника, 200-ге жуық мекеме ұжымы өзен бойын бақылауда ұстап отыр. Эвакуациялық жинақтау, қабылдау пункттері әзір», - дейді облыстық жұмылдыру дайындығы басқармасының басшысы Серік Сермағамбетов.