АСПАЛЫ КӨПІР – ЕЛ ИГІЛІГІНЕ
Ұлыстың ұлы күні қарсаңында Қызылорда қаласындағы Абай даңғылының бойынан жаяу жүргіншілерге арналған аспалы көпір ел игілігіне берілді. Аталған шараға қала әкімі Нұрлыбек Нәлібаев, облыстық мәслихат хатшысы Наурызбай Байқадамов, «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ибадулла Құттықожаев арнайы келді.
– Құрметті жерлестер, барлығыңызды тіршілік атаулыны тірілтіп, табиғатты түлеткен, сан түрлі ұлттардың бауырластығына арқау болған Наурыз мейрамымен құттықтаймын. Бұл қазақ халқының жылда асыға күтетін ұлы мерекесі. Биылғы жыл Сыр өңірі үшін айтулы оқиғаларға толы болмақ. Елбасымыздың төл туындысы Елорданың 20 жылдығын, Қызылорда қаласының 200 жылдығын кең көлемде атап өтеміз. Тарихы мен тағылымы мол, мағынасы терең қос мерейтойды тойлаудың маңызы зор. Соңғы жылдары қала көлемінде жаңа ғимараттар, әдемі жолдардың саны артып келеді. Сондай-ақ, демалыс орындары мен саябақтар көптеп салынуда. Енді, міне, Абай даңғылының бойынан жаяу жүргіншілерге арналған аспалы көпірді пайдалануға бергелі тұрмыз, – деді қала басшысы.
Осыған дейін жергілікті тұрғындардың қауіпсіздігін сақтау мақсатында дәл мұндай өткелдер Қазыбек би көшесі мен Абай даңғылы бойынан салынды. Дегенмен, бұл аспалы көпірдің бір ерекшелігі – «Ақылды қала» жобасы аясында жүзеге асты. Атап айтсақ, мүмкіндігі шектеулі жандарға ыңғайлы жағдай жасау үшін арнайы жедел саты (лифт) орнатылды.
Жаяу жүргіншілерге арналған көпірдің құны 171,2 млн. теңгені құрайды. Жергілікті тұрғындар үшін ең ауқымды жобаны жүзеге асырып, межеленген міндетті «Техостнастка Ремсервис» ЖШС мердігер мекемесі орындап шықты.
Ақмарал ОЛЖАБАЕВА,