Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ақмешіт апталығы

Газет 1994 жылдан бастап шығады
» » ҚОШ КЕЛДІҢ, ЖАҢА ЖЫЛЫМ ҚАЗАҒЫМА

ҚОШ КЕЛДІҢ, ЖАҢА ЖЫЛЫМ ҚАЗАҒЫМА

    Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында ұлттық кодымызды қалай сақтаудың, дамытудың жолын айқындап берді. Мемлекет басшысы «Ұлттық салт-дәстүріміз, тіліміз бен музыкамыз, әдебиетіміз, жоралғыларымыз, бір сөзбен айтқанда ұлттық рухымыз бойымызда мәңгі қалуға тиіс» деп атап көрсетті. Тереңнен зерделер болсақ, ұлы даланы мекендеген еркін халықтың құс ұшса қанаты талатын туған жерді аялауы, оның тұмса табиғатын сақтауы, оны ұрпақтан-ұрпаққа сызат түсірмей жеткізуі – бүгінгі ұрпаққа үлгі-өнеге боларлықтай. Ата-бабадан мұра болып жалғасын тауып келе жатқан ұлттық салт-дәстүріміз бен әдет-ғұрыпты, жөн-жоралғыны және мәдени құндылықтарды ұдайы насихаттай білсек, одан ұтарымыз көп. Сондай-ақ бірлік пен ынтымақты ұйыта білген хандарымыз бен билерімізді, баһадүрлер мен сұлтандарымыздың намыс туын желбіреткен өнегелі жолдарын ұрпақ санасына сіңіре білген дұрыс. Сондықтан елімізде кең ауқымда тойланатын мейрамдардың ішінде шоқтығы биік әз Наурыздың сипаты мен мерекелену айшығы бөлек.
Халқымыздың ежелден желісі үзілмей бізге жеткен Ұлыстың ұлы күні – рухани қазына, мәдени асыл дүние мен ұлттық құндылықтарды айшықтай көрсетуімен ерекшеленеді. Ол өте көнеден келе жатқан мейрам. Жер шарындағы көптеген халықтардың дәстүрлі мейрамына айналды. Бірақ бұның қашаннан бері тойланып келе жатқанын дөп басу айту қиын. Бұл – бір ғана халыққа тиесілі ұлттық мейрам емес. Жалпыхалықтық достықтың, ынтымақтың мерекесіне айналды. Сонау 1988 жылдың көктемінде еліміз араға 62 жыл салып осы Наурыз мерекесімен қайта табысты. Сол жылы еліміз бойынша барлық аймақта мерекені кеңінен атап өтілді. Содан бері биыл туп-тура отыз жыл толды. Бұл мереке барлық этнос өкілдерінің де ортақ мерекесіне айналды.
                                               Қызыр қонған күн
         Қазақтар  22 наурызды жыл басы санайды. Бұл күні Жер-Ананың тоң кеудесі жібіп, жерді жарып көк шығады деген ұғым бар. Күн мен түннің теңеседі. Халқымыздың мифологиялық түсінігі бойынша 21 наурыз түні даланы «Қызыр ата» аралайды. Сол себепті осы түнді – «Қызыр түні» деп те атаған. Қызыр атаны көрген адам одан жақсы тілек сұраса, оның арманы орындалады деген ұғым адамдар санасында берік орын алған. Қызыр ата – адамдарға дәулет дарытып, бақ қондыратын қиял-ғажайып кейіпкер. Жақсылықтың жаршысы, жаңа шыққан күн нұрының символы саналады. Қызыр ата даланы кезіп жүріп, назары жерге түссе, оның тоң кеудесін жібітеді, ал тасқа түссе, тасты ерітіп жібереді екен.
Қазақ халқы Жаңа жылды бұрын 22 наурыз күнгі таңғы сағат 3-те қарсы алған. Осы сәтте Қызыр баба даланы аралап, Самарқанның көк тасын ерітсе керек. Сондықтан осы күнді халқымыз асыға күткен.
                                 Көк құс көзін ашты ма?
Саясатынан сұрқиялық есіп тұрған сонау Кеңес одағы тұсында жарықтық анам отбасы, ошақ қасында салт-дәстүр мен әдет-ғұрыпты қатты ұстанатын. Ол кісі мерекенің ішіндегі жалпыхалықтық тойға жататын 22 наурызды қарсы алуға ерекше мән беретін. Меркеге екі-үш күн қалғанда бізге үйдің іші-сыртын әктетіп, аула мен көше жақ бетіндегі күл-қоқысты тазарттыратын. Үйдің ішін тағы бір қағып-сілкіп, мұнтаздай етіп қоятын. Үй жиһаздары да сүртілетін. Содан төргі бөлмеге дастарқан жайып  үстіне таба нан, бауырсақ, ағарған мен дәндерді ыдыстарға толтырып  қояды. Бір ыдысқа таза су құяды. Осы күні он екілік қос шамның сәулесін барынша көтеретін. Сөйтіп, Ұлыстың Ұлы күнін күткеніміз әлі күнге дейін көз алдымдымыздан кетпейді. Сол күні дүниені Қызыр ата аралайды деп айтатын. «Өте таза үйге Жаңа жыл күні Қызыр баба келеді» дейтін еді марқұм анам.  Оны бізге түсіндіріп, мәнін ұғындыратын. Мұның барлығы салт-дәстүр аясында өрбитін. Көршілер де осы күні мерекелік жөн-жоралғыларын жасап, төс түйістіріп, кеуде қағыстырып, жақсы тілектерін бір-біріне арнайтын. 22 наурыз күні таң шапағына бөлене шыққан күнге анам иіле сәлем беріп, жақсы тілектер тілеп, су шашып қарсы алатын. Сол кезеңде ауылда тоқсанның үстіне шыққан абыз ақсақал Ыбыраш көкеміз атқа мініп алып, ауыл арасын аралап:
«Самалық, самалық,
Көк құс көзін ашты ма?
Аяғын жерге басты ма?
Самалық, самалық,
Самарқанның көк тасы,
Жібіді ме, көрдің бе?
Самалық, самалық,
Қап тауының көк құсы,
Жүгірді ме, көрдің бе? –
деп балаларға өлеңдете сұрақ қойып жүретін. Оны кейіннен білдік, қойнында көжегі мен нәуірізегі (бәйшешек) гүлі бар балаларға қойылатын сұрақ екендігін.
                                                Кие мен кесір
 Бұрынғы қазақ жұрты наурызды 9 күн тойлаған. Осы күндер ішінде қазақтың ұлттық ойындары – көкпар, аударыспақ, күрес, қыз қуу, алтыбақан, балтам тап, тең көтеру, бағанаға өрмелеу, арқан тартыс, жаяу жарыс, жорға жарыс, қашықтыққа жүгіру, әткеншек, ұрын бару, ақсүйек, жамбы ату секілді   ойын түрлері қызып жататын еді. Көшпелілердің байырғы астрономиялық түсінігі бойынша, әрбір жылда алты ай жаз бен қыс болады деген ұғым бар. Содан бері біздің тілімізше әлі күнге дейін «алты ай жаз бойы», «ала жаздай», «алты ай қыс бойы», «ала қыстай» секілді сөз орамдары сақталып айтылып келеді. Осының ішінде жаз айы тіршілік иелеріне қуаныш, жанға шаттық сыйлағандықтан – жағымды, ал қыс айы суық, қаһарлы, жұты көп болатындықтан – жағымсыз санаған. Осыдан келіп адамдар жақсылық пен жамандыққа жан бітіріп, оларды адам бейнесінде айтыстырып, күрестіргені туралы қызықты мәліметтер көне жазбаларда көптеп сақталған.
Бұл біздің халқымыздың қиял-ғажайып ертегілерінде осындай ұқсас дүниелер кездеседі. Бұрынғы қазақтар жақсылықты «Кие», жамандықты «Кесір» деп санап, қысты «Зымыстан», жазды «Табысқан» деп атаған.
«Атасы мен анасы,
Үш жүз алпыс бес баласы,
Он екі ауыл шамасы,
Отыз ор дуадақ,
Бес балақ сан,
Елу екі қарақшы» – деп халық жұмбағында айтылғандай, қазақтар бір жылды он екі ай, отыз күнге бөлген. Бес балақ саны деп «бес қонақ» кезеңін айтқан. Оны біздің тілімізде «өліара» деп те атайды. Ал көктемді «жуанның жіңішкеріп, жіңішкенің үзілер шағы» екенінін жақсы білген. Осы наурыз айында күн мен түн теңеліп, жан-жануарлар төлдеп, адамдардың ауыз аққа тиетін, жер үстіне шаттық, кеңшілік, қуаныш орнайтын күн.
                                    Жер бетіне жақсылық ұялаған                          
Жалпы түркі халықтары ұлыс күндері сақал-мұртын түзеп, жаңа киімін киіп, шашын алып барынша дайындалатын болған. Олар алты күн бойы садақ тартуға машықтанып жаттығады. Жетінші күн дегенде алтын теңге байланған жамбыны атып жарысады. «Егер кімде-кім бірінші болып, жамбыны атып түсірсе, сол адам бір күн елге патша болып, билеуге ерік берілген» дейді кейбір деректерде. Наурыз жырында:
Құл құтылар құрықтан,
Күң құтылар сырықтан, – деп жырлауда осыдан болар.
Наурыз күні ертедегі Иран патшасы қол астындағы адамдардың біріне патша шапанын сыйға тартады екен деген деректер де кездеседі. Наурыз сөзі иран тілінің ноу – жаңа, руз – күн деген сөздерінен шыққан деген ұғым бар. Наурыз мерекесін тойлау дәстүрі дүние жүзі халықтарының көпшілігінің тұрмыс-салтында бағзы замандардан орын алған. Бұл мейрамды ежелгі гректер «Патрих», бирмалықтар «Су мейрамы», тәжіктер «Гүл гардон», «Бәйшешек», «Гүлнаурыз», хорезмдіктер «Наусарджи», татарлар «Нардуган», буряттар «Сагаан сара», армяндар «Навасарди» деп түрліше атаған. Ал, христиан дінін қабылдағанға дейін Русьте Жаңа жылды 1 наурызда қарсы алу дәстүрі болған. Ағылшындарда ХҮІІІ ғасырдың бас кезіне дейін Жаңа жылды 26 наурызда тойлап келгендігін ұмытпауымыз керек.
Наурыз айы – жер бетіне жақсылық ұялатып, барлық тіршілікке жан бітіретін мезгілді шақ. Көктем басталысымен тірлік атаулының қыза түсетін тұсы. Осы Наурыз күні жігіттер таңертең ертемен қолдарына күрек, кетпен алып сыртқа шығып «Бұлақ көрсең көзін аш» дегендей, айналадағы су жолдарын дұрыстаса, үлкен кісілер болса сол су жолдары бойына «Атаңнан мал қалғанша тал қалсын!» деп бірнеше талдар отырғызады. Ал қыз-келіншектер отырғызылған ағаштарға су құйып, жан-жағын тазалайды. Қашанда Ұлыстың Ұлы күні қашанда қасиетті, киелі.
Тарихқа көз жүгіртсек, бұқараға дәм таттыру тек наурыз мейрамында ғана өткізілмеген. Бұл үрдіс бұрынғы ата-бабаларымыздың тұсында да жасалған. Ірі байлар елді жиып ас беріп, шүлен таратып отырған.
 Ұлыстың Ұлы күні – өте жайлы, өте жақсы, жемісті уақыт. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын, ағайын! Әр шаңырақтан шаттық пен бақыт тарқамасын!
                                                                                          Кенжалы ЕРІМБЕТОВ
          
 
 
21 наурыз 2018 ж. 1 321 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№92 (1693)

28 қараша 2020 ж.

№91 (1692)

24 қараша 2020 ж.

№90 (1691)

21 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қаңтар 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031 

Суреттер сөйлейдi

ТҮНГІ ҚЫЗЫЛОРДА
01 қараша 2017 ж. 14 432 0
  • Акимата Кызылординской области
  • Сайт президента
  • Нұрлы жол
  • Рухани Жаңғыру
  • Жаңғыру 30
  • Egov
  • Digital Kazakhstan
  • Нақты қадам