ІЗГІЛІК ШАРАПАТЫ
Көрісу күні дегенде анам айтқан мына әңгіме ойыма оралды. «Бала кезімізде жыл сайын наурыздың 14-і күні үйде бауырсақ пісіріліп, жеті күлше таратылатын. Үлкендердің амал, Көрісу күні деп айтып жатқандарын талай мәрте құлағымыз шалды. Ата-анамызбен бүкіл ағайын-туысты аралап, көрісіп, дәм татып шығатын едік. Дегенмен аталмыш мерекенің қадірін бала кезде онша ұғына бермеген секілдіміз. Қазіргі уақытта бұл салттың мағынасын ұғына бастадым. Біраздан бері көріспеген адамдарды қайта жақындастырып, елдегі ынтымақ пен бірліктің нығаюына себеп болатынына көзім жетті» деген анам бірде бізге сыр ағытып.
Ызғарлы қыс кетіп, шұғылалы көктем келгенде ерекше аталып өтетін мерекнің бірі – Көрісу күні. Бұл мейрам қыстан жұтқа ілінбей, аман шыққаны үшін шүкіршілік ету ретінде тойланады. Наурыз мерекесінің алғашқы күні де осыдан бастау алады. Шығу төркіні тереңде жатқанымен осы атаулы күнді тойлау енді-енді ғана өрісін кеңейте бастады. Себебі, мерекенің маңызы зор. Жаңа жылға аман-есен жеткені үшін әрбір адам осылайша қуаныш білдіреді. Жастар жіті түсіне бермегенмен, көнекөз қариялар уақытында оны қалай тойлағанын жыр ғып айтады. Мағынасы тереңде жатқанын ұғыну қиын емес. Бүгінде ол ел ішінде кеңінен дәріптеліп келеді. «Бұл күні басымыздан Пайғамбар сипайды» деген наным-сенім де болған», – дейді үлкен кісілер. Сондықтан кезінде адамдар таңертең ерте тұрып, үйді тазалап, ауланы ретке келтіріп қоятын болған. Содан кейін іңір қараңғысы түскенше барлық туыстар мен достарды аралап, көрісіп, амандасып шығады.
Көрісе келген адамды үй иесі көтеріңкі көңіл-күймен үйіндегі мол дастарханға шақырады. Күн шыққанда есігі ішінен құлыптаулы тұрған үй болмауы. «Бір жасқа шығуыңмен!», «Қыстан аман шығып, жаңа жылға қадам басуыңмен!»деген ізгі тілектер айтылады. «Өлі риза болмай, тірі байымайды» дегендей, әр үй өзінің ата-бабасының, қайтыс болған жақын-жуықтарының басына барып, зиярат етеді. Ал дәстүрдің тарихына үңілсек, Омар Хайямның «Наурызнама» кітабында жаңа жылдың 14 наурыздан басталатыны жазылған. Заманында дүниежүзі мойындаған күнтізбе жасаған ғалым. Оның күнтізбесі аса дәлдігімен, әрі күн қозғалысына негізделуімен ерекшеленеді.
Шын мәнінде халқымыз ілгері де Наурыз айында мерекені бір ай тойлаған. Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы 8 күндік наурыздама өтетінін жазады. Ол ескіше 1-8 наурыз, қазіргі күнтізбеде 14-21 наурыз аралығы екені белгілі.
Бұл мереке жөнінде көпті көрген көнекөз қариялар: «Өткен жылдың ренішін жаңа жылға алып кірмеуі үшін адамдар бір-бірінен кешірім сұрайды. Реніштерін ұмытып, татуласады. Ал жырақта жүріп, ағайын-туыспен көрісе алмаған адам еліне барған күні барлығымен «Жылың құтты болсын»! деп көрісуі керек. Көрісуге келгендерге бауырсақ, тәтті тағамдар беріледі. Бұл да «жыл бойы балаларымыз тоқ жүрсін, дастарханымыз мол болсын, қарым-қатынасымызға сызат түспесін деген ниеттен туған» – дейді.
Адамдар арасындағы сыйластық, төс қағыстырып, қол алысу – кейінгі ұрпаққа сабақ боларлық қасиеттер. Мерекені тойлауды Батыс өңіріндегілер дәстүрге айналдырған. Ал, қазақылықтың ордасына айналған Сыр өңірінде биыл алғаш рет атап өтілді. Ал, Көрісу күні үй-үйді аралап, ақсақалдардан бата алған да артық етпес.
Айтолқын АЙТЖАНОВА