АМАЛ КЕЛДІ, ЖЫЛ КЕЛДІ
Әз Наурыз Сыр өңіріндеАмал мерекесімен бастау алды. Мерекеге орай қаладағы «Сыр сүлейлері» аллеясында «Амал келді, жыл келді!» атты жиын өтті. Оған облыс әкімінің орынбасары Руслан Рүстемов қатысты.
Ізгілік пен бірлік мерекесінің шымылдығы «Нұрлы Наурыз» жастар флешмобымен түрілді. Барлығы 60-қа жуық жас ашық алаңда «Қара жорға» биін көпшілік назарына ұсынды. Ықылым заманнан жеткен салт-дәстүріміз насихатталып, халықты тату тірлікке үндеген жиында ұлттық құндылықтар барынша дәріптелді. Қаз-қатар тігілген киіз үйлерде қолөнер бұйымдары мен ұлттық киімдер көрмесі ұйымдастырылды. Жиналған жұртшылық ұлттық тағамдардан дәм татып, Наурыз көжеден ауыз тиді. Дүйім жұрт құшақ жая көрісіп, бір-бірін емен-жарқын құттықтап жатты. Бұл күні жайдарлы адамдардың бір-біріне деген шынайы ниеттерін, ыстық ықыластары мен ақжарма көңілдеріне куә болдық. Қазақтың ұлттық нақыштағы бөрігі мен шапанын киген ер азаматтар дарқан даланың тау тұлғалы баһадүр ұландарын көз алдыңа келтіреді. Ал, ою-өрнекпен көмкерілген көйлектегі қыз-келіншектер мен кимешек тағынған ақ жаулықты әжелер тойдың сәнін одан әрі ажарландыра түскендей. Ал, жастар жағы ұлттық ойындардан бақ сынасты. Бірі арқан тартысып, енді бірі гір тасын көтеруден күш жарыстырды. Айнала түгел шат-шадыман күйге бөленген.
– Наурыз – үш мың жылдықтан аса тарихы бар үлкен мейрам. Бұл айтулы күннің астарында ізгілік, мейірімділік, қайырымдылық ұғымдары жатыр. Ертеректе алыс шалғайда отырған ағайын, жекжат-жұрағат осы күні бас қосып, мәре-сәре қауышатын болған. Міне, бұл дәстүр бүгінгі ұрпақ сабақтастығында да өз жалғасын тауып отыр. Жалпы, «Ұлыс» деген сөздің өзі көне түркі тілінде «мемлекет» деген мағынаны білдіреді екен. Ендеше, Ұлыстың Ұлы күні біздер үшін маңызы айрықша төл мереке ретінде өз құндылығын сақтап қалмақ, – деді облыс әкімінің орынбасары өз құттықтауында. Халықтың тұтастығы мен бейбітшілігіне ұйытқы болатын Қауышу мерекесін биыл Сыр жұртшылығы алғаш рет тойлап отыр. Оған облыстың әр аумағынан ардагер қариялар келді. Жаңа жыл қарсаңында ардақты ағалар жақсылықтың жаршысындай ақ батасын арнады.
– Осы жиынға Қазалы ауданынан арнайы келдім. Бұл күн – біз үшін жаңа өмірдің, ырыс-берекенің бастауы. Төрт көзі түгел қауышқан ағайын бір-бірімен төс қағыстырып, өздерінің жылы лебізін арнауда. Мұның барлығы бейбіт заманның арқасы екені даусыз. Салт-дәстүр мен ұлттық ойындар осылай насихатталып жатқанының өзі бүгінгі жастар үшін үлкен сабақ. Еліміздің аспаны ашық болсын! Амал оң болсын! Ақ мол болсын, – деді еңбек ардагері Мұқарап Табынбаев.
Бейбітшілік пен ынтымақ салтанат құрған жиында белгілі айтыскер ақын Айдос Рахметов арнау айтып, жырдан шашу шашылды. Облыстық филармония өнерпаздары әсем ән, тәтті күймен мереке көркін әрлендіре түсті.
– Бұл мерекелік жиынға ойда жоқта келіп қалдым. Өтіп бара жатып, тігілген киіз үйлерді көріп бұрылғанмын. Бұрын Көрісу мейрамын тек еліміздің батыс аймағы ғана тойлайды деп естуші едік. Сөйтсем, біздің қызылордалықтар да сол қуанышты шараны тойлауды қолға алып жатыр екен. Бұған алғыстан басқа айтарымыз жоқ. Көктемнің, әз Наурыздың есігімізден енгендігі байқалып-ақ тұр. Осы айдың соңына дейін дәл осындай мерекелік көңіл-күй жалғасын тауып жатса, қандай керемет! Мұндай шаралар адамдардың бір-біріне деген мейірімін арттырады, – дейді Күләш Жаңабергенова есімді қала тұрғыны. Этнограф ғалым Серік Ерғали «Наурыздама» дәстүрі бұрынырақта наурыз айының алғашқы күнінен бастап елдің батыс аймағымен қоса, Сыр өңірінің барлық аумақтарында, Қазақстанның бірқатар өңірлерінде де аталып өткендігін айтады. Бірақ, оны «амал» деп те, «көрісу» деп те атамай, жалпылай «Наурыз» деп атау берген деседі. Халық түсінігінде көрісуді қасат қар еріп, көктемнің иісі бұрқырап, тіршілік атаулы ұйқыларынан оянып, айнала жаңарады деп бағамдаған. Ұлыстың Ұлы күнін салт-дәстүрдің ажырамас бір бөлігіне, тәрбие тағылымына айналдыра білген Сыр өңірінде мерекелік леп осылайша әрбір үйден сезіліп-ақ тұр. Кәрі-жас демей қол алысып, төс соғыстырып жатқанын көргенде жүрек елжіреп, қараған жанды ерекше күйге бөлейді.
Қазақ наным-сенімінде Қауышу күні 60-қа жуық адаммен көрісу керек деген ырым бар. Көрші-қолаң, туған-туысты түгел аралап, тілек білдіру өзара бауырмалдықты ұлғайтады деп түйсінген. Таң атысымен әрбір отбасы кең дастарқанды молшылыққа жайып, түрлі ұлттық тағамды келген мейманға жылы шыраймен ұсынған. Жеті түрлі дәм қосып, «Наурыз көже» пісірген. Келген қонақтар көрісе отырып наурыз көжеден дәм татып, бір-біріне «Бір жасыңмен!», «Жасың құтты болсын!», «Жыл құтты болсын!» деп емен-жарқын кең пейілдерін білдірген. Өкпе-назды ескі жылда ұмыт қалдырып, жаңа жылды жаңа көңіл-күймен, қуанышпен қарсы алуға тырысқан. Мұның барлығы қазақ халқының жазира даладай дарқандығын ұғындырса керек. Қадым заманнан жеткен ізгілік мерекесін Қызылорда жұртшылығы да осылайша өзгеше сән-салтанатымен тойлады. Жаңа күн жақсылықпен басталып, ақ ниетпен жиналған жұртын осылай мәре-сәре жадыратты.
Бағлан ТІЛЕУБЕРГЕНОВА.